Атырау облысында 4 мың бас мал қауіпсіз жерге көшірілді

Атырау облысында су басу қаупі бар өңірлердегі төрт түлік қырға шығарыла бастады, деп хабарлайды 24KZ.

Кешеден бері Махамбет ауданында 4 мың бас мал қауіпсіз жерге көшірілді. Ауылдық округ әкімдері гидролог мамандармен және ауыл ақсақалдарымен ақылдасып, су баспайтын учаскелердің картасын әзірлеген болатын. Ауданда 50 мыңға жуық мал басы бар. Отарлар Ақжайық ауылынан 10-15 шақырым жерде орналасқан «Шегенді», «Өтеп» қыстақтарына қоныстана бастады. Онда бақташылар мен шопандарға барлық жағдай жасалған. Төрт түлікті қауіпсіз аймақтарға эвакуациялау картасы навигациялық маршруты көрсетілген бағыттар бойынша жасалған.

Олжас Мырзабаев, Махамбет аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Қазіргі уақытта 4 мың бастай төрт түлік мал көшірілді. 17 қауіпсіз аймақ ауылдық қоғамдастық өкілдерімен, белсенділермен бірлесе отырып, бұрынғы тәжірибені ескере отырып белгіленді. Маршруттар әлеуметтік желілерге жарияланып, барлық ақпарат құралдарына осы уақытқа дейін жарияланды.