Аграрлық несие корпорациясы биыл елдегі ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерге 350 млрд теңге қаржылық қолдау көрсетпек. Несие қаржысы аграрлық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалады. Мәселен, корпорация Шығыс Қазақстан облысында өсімдік майын өндірумен айналысатын ірі агрохолдингке инвестиция бөлді. Енді аталған кәсіпорын өз мүмкіндігін арттыру жолын қарастырып, болашаққа мықты жоспармен нық қадам басты. Бүгінде өлкедегі аграрлық құрылымдардың ісі алға басып, олар бәсекеге қабілетті ірі холдингтерге айналып отыр.Тек ішкі нарықта ғана емес, экспорттық әлеуеті де жоғары. Бұған әрине, ұзақмерзімді әрі ыңғайлы несиелеу жүйесінің ықпалы ерекше. Мысалы, «Өскемен Агроөнім» кәсіпорны Аграрлық несие корпорациясынан 750 млн теңге несие алып, май зауытын іске қосты. Мұнымен қоса, жем өндірісі де жолға қойылды. Өйткені несие рәсімдеуде кепілдік ретінде сатып алынған технологиялық құрылғыларды қоюға болады. Бұл – шаруа үшін керемет мүмкіндік. Тіпті бірде-бір банктен мұндай тиімді талап таппайсыз. Қанат Құрманғалиев, «Өскемен-агроөнім» кәсіпорнының директоры: - Кепілдік 0,85%-пен қабылдайды. Оның үстіне жылдық пайызы 8%-ті құрайы. Мерзімі 10 жыл, өте тиімді. Корпорацияның кепіл саясаты шаруаларға несиені одан әрі қолжетімді етті. 21 жылдың ішінде корпорация ауыл шаруашылығы саласына 2,5 трлн теңге жұмсаған. Биыл 350 млрд теңге бөлінді. Гүлнұр Солтанбаева, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ШҚО бойынша филиалының директоры: - Шығыс Қазақстан облысындағы шаруаларды осы жылы 17,5 млрд теңгеге қаржыландырдық. Жеңілдетілген несиенің экономикалық әсері әзірден байқалады. Корпорацияның қолдауымен еліміздің түкпір-түкпірінде тауарлы сүт фермалары, жылыжай кешендері, жеміс-жидек сақтау қоймасы сынды түрлі бастамалар еш кедергісіз жүзеге асып жатыр. Авторлары: Эльмира Ахметова.Дмитрий Пыхтин