Целиноград ауданында бұрынғы басшы 1 млрд теңге жымқырған деген күдікпен қамалды

Целиноград ауданында жол құрылысына бөлінген 1 млрд теңгеден астам қаражат ұрланды. 

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары, жемқорлыққа барды деген күдікке ілінді. Ол өткен жылдың желтоқсанында өз еркімен зейнетке шыққан. Күдікті сот санкциясымен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Меруерт Байбұлова, облыстық прокуратура басқармасының прокуроры:

- Жұмыс нәтижесі көрінбей жатып, мердігерге бюджет қаражатынан 1 млрд 244 млн теңге көлемінде төлем жүргізілгені анықталды. Қазір осыған қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Мұндай қылмыс үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.