Қызылордада exit poll бойынша 60 адам зерттеу жүргізіп жүр

Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау барысында «Экзит пол» әлеуметтік зерттеуі жоспарға сай жүргізіліп жатыр.

Қызылорда облысы бойынша 58 сайлау учаскесінде 4 қоғамдық институттың өкілдері  сайлаушылармен пікірлесіп жүр. Арнайы оқытылған 60-тан астам әлеуметтік зерттеу жүргізуші дауыс беру аяқталғанша сауалнама алумен айналысады. Сайлаушылардың берген ақпараты анонимді түрде сақталады. Әзірге экзит полдың өткізілуіне қатысты даулы мәселе тіркелген жоқ. Сайлаудың болжамды нәтижелері түнгі 12-ден кейін жарияланады.      

Насихат Смайыл, exit poll тобының мүшесі:

- Сауалнама негізі респонденттің ұлтына қарай қазақша, орысша жүргізіледі. Егер респондент жауап беруден бас тартқан жағдайда оған ешқандай қинау жоқ. Әрі қарай еркіне жібереміз бірақ бас тартқандар санын арнайы өзіміз санап отырамыз. Бланкіге белгілеп отырамыз. Сайлаушылардың келуін санаумен айналыспаймыз. Біз тек шыққан адамнан сұрақ қою арқылы жауап аламыз. Белгіленген уақытта осыншама адам қамту керек деген тапсырма бойынша респонденттерді қамтып жұмыс жасаймыз.