Сенат Президент жүктеген міндеттерді орындауға дайын

Сенат Президент жүктеген міндеттерді орындауға дайын. Жоғарғы палата спикері Мәулен Әшімбаев «Өңір» депутаттық тобының жаңарған құраммен өткен алғашқы отырысында осылай деді.

Жиында депутаттар Мемлекет басшысының  Парламент пен Үкіметке жүктеген міндеттерін талқылады. Сенат Төрағасы Салық, Бюджет, Қала құрылысы және Су Кодекстерін қабылдау бойынша жұмысты сапалы ұйымдастырудың маңызды екенін айтты. Мемлекет басшысы айқындаған басым бағыттардың бірі өңірлерді дамыту. Бұл сенаттағы «Өңір» депутаттық тобы атқаратын қызметтің негізі екені белгілі. Соған байланысты Палата Спикері депутаттық топ жұмысының басты бағыттарын атап көрсетті. Нақты айтқанда, топқа мүше сенаторлар өңірлерге жүйелі түрде шығып, жергілікті халықпен, ауыл тұрғындарымен кездесіп, аймақтағы көпшілікті алаңдатқан проблемалардың оң шешілуіне ықпал етуі керек. Сенат Төрағасы ол үшін дәстүрлі тетіктермен бірге жаңа тәсілдерді де қолдану қажет екенін айтты.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Президентіміздің тапсырмалары аясында Мәжілістегі әріптестерімізбен және Үкіметпен бірлесіп, жаңа формациядағы заңдар қабылдауымыз керек. Ол дегеніміз – ел дамуының жаңа кезеңінен жол ашатын, кешенді реформаларды қамтитын және бүгінгі сын-қатерлер ескерілген заңдар. Палатаның күн тәртібінде Әділетті Қазақстан құруға арналған заңдарды қабылдау міндеті де тұр. Олардың қатарында шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі заң және мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заңды қабылдаймыз.