Магдебург қаласында Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды

Германияның Магдебург қаласында Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл лауазымға Феликс фон Лимбург тағайындалды. Саксония-Анхальт жеріндегі жаңа кеңсенің алдында тұрған міндет-межелер жайлы тілші бейнематериалында.

Консулдықтың ашу салтанатына саясаткерлер мен кәсіпкерлер, Германиядағы өзге елдің дипломаттары қатысты. Жаңа кеңсенің мақсаты – Қазақстанмен Германия арасындағы қарым-қатынасты арттырып, ел экономикасына инвестиция тарту.

Бұл өңірде ауыл шаруашылығы, химия өндірісі жақсы дамыған. Сондай-ақ білім мен туризм саласындағы байланыстарды бекемдеуге мүмкіндік мол. Жалпы қазір Қазақстанның Германияда 4 құрметті консулдығы бар. Олар Гамбург, Штутгарт, Ганновер және Дортмундта орналасқан. 

Райнер Робра, Саксония-Анхальт аймағы үкіметі кеңсесінің басшысы:

- Қазақстан – біз үшін маңызды серіктес. Біз екіжақты байланыстарды одан әрі ұлғайтуға мүдделіміз. Ал елімізге танымал кәсіпкердің басқаруы жаңа консулдықтың жұмысына тың серпін береріне сенімдіміз. Қазақстан табиғи ресурстарға бай. Ал біздің кәсіпкерлер технологияларымен бөлісуге дайын.

Кристиан Винтер, «Euroglas» компаниясының директоры:

- Бұл Құрметті консулдық Саксония-Анхальт өңірі үшін өте маңызды. Салтанатты ашылуға түрлі сала өкілдерінің көптеп келіп қатысуы соған дәлел. Ауыл шаруашылығы, шикізатты өңдеу және тамақ өнеркәсібінде жаңа байланыстар орнатуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, өңірімізге газ бен сутегі қажет. Екіжақты қарым-қатынас жанданатынына сенімдімін.

Аталған аймақта еліміздің құрметті консул міндетін 30 жылдан бері кәсіппен айналысып келе жатқан танымал бизнесмен Феликс фон Лимбург атқарады. Оның компаниясы құрылыс саласында инновациялық шешімдерді жүзеге асырады. Кәсіпкер екіжақты экономикалық байланыстарды нығайтумен қатар мәдени-гуманиатрлық ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті.  

Феликс Лимбург, Германияның Саксония-Анхальт аймағындағы ҚР Құрметті консулы:

- Біздің федералдық аймақта машина жасау, жаңғыртылатын энергия және сутегі өндірісі жақсы жолға қойылған. Осы себепті кәсіпкерлеріміз Қазақстанда жаңа серіктестерін тез табады деп ойлаймын. Осы бағыттағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға күш салатын боламын.

Тараптар Құрметті консулдықтың ашылуы екіжақты қарым-қатынасты бекемдеп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашыларына сенімді. Бұл қадам Қазақ еліне қосымша инвестиция мен озық технология тартып, бірлескен жобаларды көбейтуге мол мүмкіндік бермек.

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Шолпан Найманбаева.