Алматыда конькиден жастар арасындағы Қазақстан кубогы басталды

Бұл сынға Денис Кузин секілді ұлттық құраманың тәжірибелі спортшылары да қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еліміздің әр аймағынан келген үміткерлер ашық аспан астында бар мүмкіндіктерін көрсетуге тырысты. Бүгін 500 және мың жарым метр қашықтықта жеңімпаздар анықталды. Қыздар арасында қысқа қашықтықта Инесса Шумекова топ жарса, мың жарым метрде Дарья Гаврилова үздік нәтиже көрсетті. Жігіттерден спринтерлік қашықтықта Иван Аржаниковтың асығы алшысынан түсті. 1500 метрде Максим Балашкин ел кубогының иегері атанды.

Александр Жигин, аға жаттықтырушы:

– Жарыс жоғары деңгейде өтті. Өкінішке орай электронды табломыз болған жоқ. Спортшылардың уақыт көрсеткішін қолмен есептедік. Бұған дейінгі жарыстар елордада «Алау» мұз айдынында өтіп келген. Жабық кешенмен ашық аспан астында өткен жарыстарда айырмашылық болады. Бүгін конькишілер рекорд жаңартпаса да, өздерінің жеке рекордтарын қайталап жатты.

Еңлік Жәрдембек, Қазақстан жастар құрамасының мүшесі:

– Қазір жарыс жақсы өтіп жатыр. Бүгінгі ауа райы жылы. Мұз түзу. 500 метрді 44 секундқа жүгірдім. Мен үшін жақсы нәтиже деп ойлаймын. Маған көбінесе 500-бен 3 мың метр ұнайды. 3000-да өзімді жақсы сезінемін. Қорықпайсың да. Ал 1500 және 1000-да қорқыныш болады.