Футзал: Португалия әлем чемпионы атанды

Футзал: Португалия әлем чемпионы атанды

Қазақстан құрамасы бразилиядан жеңілді.

Литвада футзалдан әлем чемпионатының қола медалі үшін өткен кездесуде Қазақстан құрамасы Бразилиядан жеңілді. Ойын 4-2 есебімен аяқталды. Матч барысында Қазақстан құрамасы екі рет алға шықты. Бірінші голды ойыншымыз Альберт Ақбалықов соқты. Оның тепкен добы Бразилия қақпашысының қолына тиіп, қақпаға еніп кетті. Кейін есеп теңесті. Дәлірек айтсақ, қазақстандық футзалшы Тайнан өз қақпасына гол соғып алды. Бірер сәттен соң ол қателігін түзеп, құраманы алға шығарған еді. Алайда, ойынның аяқталуына 5 минут қалғанда қақпамызға 3 доп соғылды. Әлем чемпионатын ұлттық құрама 4-ші орынмен аяқтады.

Рикардо Кака, ұлттық құраманың бас бапкері:

– Бұл әлем чемпионатында өнер көрсету – зор мәртебе. Бізге қолдау көрсеткен қазақ еліне алғысымыз шексіз. Үздік ойын өрнегімізді көрсете білдік. Үшінші орын үшін таласта Бразилияға есе жібердік. Олар өте мықты команда. Бізді қазақстандықтар мақтан тұтады деген ойдамыз.

Лео Игита ұлттық құраманың қақпашысы:

– Алаңға көтеріңкі көңіл-күймен шықтық. Ойын барысын да солай өткіздік. Бразалиямен бір деңгейде өнер көрсеттік. Кей сәттерде олардан басым болдық. Қазақстанның футзалы қаншалықты дамығанын көрсеттік. Осы бағытта жалғастыра береміз. Жанкүйерлерге рахмет. Сіздер бізге күш-қуат бердіңіздер. Осы жерде де бізге зор қолдау көрсетілді.

Ал әлем чемпионатының ақтық бәсекесінде Португалия құрамасы жеңіске жетті. Олар Аргентинаға қарсы ойнады. Қорытынды есеп – 2:1. Рикардиньо бастаған жігіттер жартылай финалда Қазақстан құрамасын жеңген еді. Енді әлем чемпионы атағына ие болды. Бұған дейін олар Еуропа чемпионатын да жеңіспен аяқтаған. Осы әлем чемпионатының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасына арнайы жүлде табысталды. Халықаралық футбол федерациясы біздің командаға «fair play», яғни адал ойын сыйлығын берді.