Қостанай облысында «Тың-Целина 2023» спартакиадасы өтіп жатыр

Аймақтық деңгейдегі жарыс биыл 36-рет ұйымдастырылды.

Дәстүрлі спартакиада үш кезеңнен тұрады. Сайыстың соңғы кезеңі Алтынсарин ауданында өтеді. Оған қатысушылар спорттың 18 түрінен өзара шеберлік байқасады.

Спартакиаданың салтанатты ашылуы дәстүрге сай командалар шеруінен бастау алды. Бұл жолы жеңімпаз тұғырынан табылуға ниетті командалар саны жиырмаға жеткен. Олар облыстың әр ауданынан қатысып отыр. Сайыс басталардың алдында міндетті түрде спартакиада алауы жағылады.

Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:

- Біздің міндет – Қостанай облысын еліміздегі ең спортқа жақын өңірге айналдыру. Сол үшін спорт инфрақұрылымын жақсартуға күш саламыз. Барлық ауандағы орталық стадиондар күрделі жөндеуден өткізіледі. Сонымен қатар аудан орталықтарында сауықтыру кешендері салынады және оның жанынан жабық  мұз айдындары бой көтереді.

Спартакиада әрдайым үш кезеңде өткізіледі. Финалдық сынға дейін аудандық және қалалық деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылады. 

Елена Киреева, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

- Олар осы спартакиадаға өз базаларын дайындады. 2020 жылы мұнда стадион жөнделген болатын. Жеңіл атлетикаға арналған арнайы жолдар салынды. Биыл спорт мектебі  күрделі жөндеуден өтті. Сондықтан аталған спорт нысандары спартакиада өткізуге дайын деп сеніммен айта аламыз. 

Спартакиада қатысушыларының жарысқа тыңғылықты дайындалғаны байқалды. Дегенмен, қалалық командалармен сынға түсу оңай емес, дейді сайыскерлер. 

Сергей Сергеев, футбол жаттықтырушысы (Алтынсарин ауданы):

- Аудандық командалардың дайындығы қаладағы деңгейге жақындап қалған. Әрине, бұл осы салаға құйылған инвестицияның нәтижесі. Біз осындай жарыстардан шет қалмай үнемі қатысып тұрамыз. 

Төрт күнге созылатын спартакиадаға мың жарымдай спортшы қатысып жатыр. Олар сайыстың барлық кезеңінде өз мүмкіндіктерін сарқа пайдалануы тиіс. Спартакиада 30 шілдеде аяқталады.

Талғат Серікқалиұлы, Артем Грапов, Сергей Трахтенберг