Талдықорғанда «Жетісу кубогы» ашық турнирі аяқталды

Дзюдо, таеквондо, грек-рим, еркін күрес сияқты олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұйымдастырылған жарысқа 20 команда қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дзюдо күресінде Талдықорғандағы №1 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жеңіске жетті. Грек-рим күресінен Панфилов ауданының өрендері ешкімге дес бермеді. Таеквондодан «Өркен» спорт мектебінің шәкірттері ашық турнир жеңімпазы атанды. Бірінші орын иегері атанған командаларға Жетісу облыстық әкімдігі тағайындаған 500 мың теңгенің сертификаты табыс етілді.

Айбын Ерік, жарыс жеңімпазы:

- Өзім Сарқан ауданының атын шығарып, күресіп жатырмын. Осы Сарқан ауданынан күресіп, бірінші орын алдым. Қарсыластардың дайындығы өте жақсы. Талдықорғанға сәттілік тіледім, өзімізге жеңіс тіледім. Мен өз бапкеріме рақмет айтамын, Қасабаев Дәуренге.

Саят Төлепбергенұлы, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы:

- Бізде қазір аудандардың деңгейі үлкен, мықты. Неге десеңіз, біздің ауданның бәрінде дене шынықтыру кешендері ашылды. Ол жерде де ақша бөлінеді спортшыларға. Оқу-жаттығу жиындарына, жаттығу жасауларына барлық жағдай жасалған. Ақсу ауданында, Сарқан ауданында еркін күрес жақсы дамыған.