Астанада ең романтикалық бақ ашылды

Елордада ең романтикалық саябақ ашылды.

Онда жас жұбайлар ашық аспан астында неке қию рәсімін өткізіп, «махаббат құлпын» іле алады. Ерлі-зайыптылар мен ғашық жұптар шағын бақ аумағына тал егу мүмкіндігіне де ие.

Шымкент тумасы Нұрқабыл Жүсіпәлінің Астанаға келгеніне биыл екінші жыл. Бас шаһарда қолына бақ құсын қондырып, басқа да бақытты жас жұбайлармен бірге бүгін оған романтикалық бақ төрінде неке қию рәсімі бұйырды. «Отан отбасыдан басталады», – дейді күйеу жігіт.

Нұрқабыл Жүсіпәлі, қала тұрғыны:

- Барлық отбасыға тек жақсылық, сабырлық, бір-бірін түсініп, қолдап жүруін тілейміз. Еркек, әрине, ашуланған кезде шығып кеткені дұрыс. Бір тарап ашуланып тұрса, екінші тарап әрдайым басып отырғаны дұрыс деп ойлаймын өз басым.

Өмірінің саналы ғұмырын мемлекеттік қызметке арнаған Марат Тоқсанбаев пен зайыбы Күләш Асқарова үшін бүгін – «алтын той». Ерлі-зайыптының отасқанына биыл жарты ғасыр толды. Махаббатпен қатар сана биігінде жолыққан олар бүгінде 4 перзентінен 11 немере сүйіп отыр. «Бақыттың кілті – сабырлықта», – дейді ағамыз.

Марат Тоқсанбаев, ҚР Сыртқы істер министрлігінің қызметкері:

- Бірлік бар жерде тірлік бар. Ынтымақ керек. Бірін-бірін құрметтеп, сыйлаған кезде ғана отбасы ошағы сақталады. 50 жыл сыйласып келдік. Енді Құдай қаласа, гауһар тойға да жеткізсін деп отырмыз.

Салтанатты шарадан кейін жастар қаланың экологиясына үлес қосып, романтикалық бақ аумағына тал екті. Ағаштарды уақтылы суарып, күтіп-баптауға уәде берді. Артынша ғашықтар «отбасымыз берік болсын» деген жақсы ырыммен «Шаңырақ» керегесіне «махаббат құлыптарын» ілді.

Айта кеткен жөн, бұл жерде кез келген жұп тал егу рәсімін өткізе алады. Ол үшін Нұра ауданы әкімдігіне алдын ала ескертсе болғаны.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Асхат Серік, Ернар Нысанбай.