Ертіс өңірінің зиялы қауым өкілдері де Елбасы жолдауын зор ықыласпен қабылдады

Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі жолдауында Мемлекет басшысы елімізді дамытудың жаңа бағыт-бағдарын ұсынды.

Биылғы жолдау «Қазақстанның үшінші жаңғыруы» деп аталады. Елбасы 25 жылда атқарылған істер мен жетістіктерді саралай келе, болашаққа зор міндеттер жүктеді. Әр салаға жеке-жеке тоқталып, қандай бағытта алға жылжуымыз керектігін көрсетіп берді. Мәселен экономиканы инновацияға негіздеп, сандық технологияларды дамытуға баса назар аударды. Ертіс өңірінің зиялы қауым өкілдері де Елбасы жолдауын зор ықыласпен қабылдап, түгел зерделеп шықты. Маңызды құжат ел ертеңіне сенім ұялатып, тың бастамаларды жүзеге асыруға міндеттейді.

Алтынбек Нұхұлы, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры:

- Еліміздің қарқынды дамуы үшін жасалатын үлкен серпіліске барар жолда біз сонау атам заманғы түркі елінің қағидасын еске алып өтсек артық болмас деп санаймын. Онда айтылады ғой «тізесі барды бүктірдік, мойны барды идірдік» деп. Міне, алпауыт елдермен иық тіресе келіп, біз өз заманымызда сол алпауыт елдерді мойындатуға басталған ұлы қадам жасалды деп ойлаймын.