Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдерге еңбек нарығын жаңғыртуды тапсырды

Елбасы биылғы жолдауында Үкімет пен әкімдерге еңбек нарығын жаңғыртуды тапсырды.

Еліміздің ірі кәсіпорындары әкімдіктермен бірлесіп, тиісті жол карталарын әзірлеуі қажет. Үкімет жұмыспен қамту орталықтарын реформалап, барлық бос жұмыс орындары мен бүкіл елді мекендерде бірыңғай онлайн платформа қалыптастыруы тиіс. Онда қысқартылатын жұмысшыларды қайта даярлау, оларды жұмыспен қамту үшін бірлесіп инвестиция салу жайы қарастырылуы қажет.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейтуге басымдық берді. Елдегі шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде 50%-ға жеткізу міндет. Ал Үкімет жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға қатысты жұмыстарды іске асыруды бастады. Бұдан былай Қазақстан азаматтары өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады. Жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктері дами түспек. Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп бизнестің барлық шығынын жаппай азайту жөнінде шаралар қабылдауы қажет.