Елбасы дәрі-дәрмек бағасын реттеуді тапсырды

фото: Егемен Қазақстан

Елбасы өз жолдауында білім берумен қатар денсаулық сақтау саласын дамытуға да ерекше тоқталып өтті.

Биыл бірінші шілдеде ел азаматтарының ортақ жауапкершілігіне негізделген медициналық сақтандыру жүйесі енгізіле бастайды. Оған қатысушыларға кең ауқымды көмек көрсетіліп, әлеуметтік әлсіз топ өкіліне де мемлекеттік қолдау қарастырылған. Сондықтан Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар денсаулық сақтау саласын жан-жақты ақпараттандыруы керек. Жалпы жаңа жүйе арқылы жекеменшіктегі медициналық мекемелерге тең жағдай туғызылады. Сондай-ақ Президент дәрі-дәрмектердің бағасын реттеуді тапсырып, әлеуметтік қамтамасыз ету саласын дамыту маңызды міндет болып қала беретінін ескертті. Биыл жазда елдегі 2,1 миллион адамға төленетін зейнетақы 20%-ға көбеймек. Оған қоса жыл сайын туылатын 400 мыңға жуық сәбиге берілетін бір реттік жәрдемақы да 20%-ға өседі деген жоспар бар. Бұл ретте ең төменгі күнкөріс шегін қайта қарастыру міндет. «Оның мөлшері нақты тұтынушылық шығыстарға сәйкес келуі керек», - деді Елбасы.