Зарема Шәукенова: ҚХА – бірлігімізді нығайтуға қызмет ететін бірегей құрылым
Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми сарапшылық кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Зарема Шәукенова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзіне қатысты ойын айтты.
Өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХА-да жұмыс істейтін азаматтарды ынтымақтастық елшілері деп атаған болатын. Өз сөзінде бейбітшілік пен келісімді мемлекеттік идеология ретінде ғана емес, сонымен қатар біздің әлеуметтік және жеке өміріміздің, жұмысымыздың ажырамас бөлігі ретінде қабылдау керек екенін атап өткен еді. Олар бос ұран емес, әр азаматтың күнделікті ұстанымы болуы керек. Халқымыз бірлік пен бейбітшіліктің шынайы мағынасы мен қадірін терең түсінеді. Бұл қиын кезеңдерді бастан кешіріп, қазақ жерінен баспана тапқан барлық этнос өкілдері үшін айнымас құндылық. Осы құндылықтарды мойындау мен құрметтеудің арқасында халқымыз бейбіт өмір сүріп келеді. Бұл бұрын-соңды болмаған жетістік! Әр азамат ынтымақтастықты нығайту үшін аянбай еңбек етуі керек. Осы бағыттағы жұмыс ешқашан тоқтамауы тиіс. Өйткені бірлік болған жерде ғана тірлік бар. Біз әрқашан осы мызғымас қағидатқа адал болуымыз керек. Алайда баз біреулер, бейбітшілік пен келісімнің маңыздылығын түсіне бермейді, сондықтан кейде Ассамблеяның қажеттілігіне күмәнданады. Шын мәнінде, Ассамблея – біздің мемлекеттілігіміздің негізін нығайтатын басты институттың бірі. Қазақстан халқы Ассамблеясы – біздің бірлігімізді нығайтуға қызмет ететін бірегей құрылым, – дейді Зарема Кәукенқызы.
Бір жылдан кейін, яғни кеше ғана ҚХА-ның келесі сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Ассамблея кейбір адамдар көрсетуге тырысқандай маңызы жоқ ұйым емес, конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган, ұлтымыздың бірлігі мен ынтымақтастығы құндылықтарының тиімді насихатшысы екендігін – су тасқыны салдарымен күрес кезінде тағы да дәлелдегенін атап көрсетті.
Барлық қажетті инфрақұрылымды жедел пайдалану және қайырымдылық пен еріктілік ресурстарын шебер жұмылдыру мүмкіндігі, ҚХА-ның көпжылдық жүйелі жұмысының нәтижесі екені белгілі. Биылғы сессия алғаш рет Мемлекет басшысының ҚХА-ның шақырту алған мүшелерімен және барлық өңірдегі делегаттармен кездесуі онлайн форматта өтті. Бірақ бұдан басты мақсат өзгерген жоқ – ұйымның жыл сайынғы жиналысы сияқты ерекше атмосферада өтті, оның басты міндеті – жасампаздық пен шығармашылықты паш ету, – дейді ғалым.
Зарема Шәукенованың сөзіне қарағанда бұған дейін ҚХА мүшелерін сынау тоқтаған емес.
Бейбітшілік және келісім сарайы күмбезінің астында көп жыл бойы ҚХА сессиясының жоғары мінберінен марапатқа лайықты батырлар қолпашталды. Оларды кейде сынап, баяндамалардың мәтіндері алдын-ала даярланған, қайталанған деп айыптады. Алайда баяндамашылардың көпшілігі үлкен аудитория алдында, Президенттің алдында сөз сөйлеп көрмеген қарапайым адамдар. Бірақ олардың бәрі шынайы ойларымен және жан тебірентер сөздерімен залда отырғандардың бәрін, тіпті телеарналардан көрген, тыңдаған жандарды да баурап алды. Мысалы, Успанов Жәнібектің сөйлеген сөзі көптің жүрегіне жетті, ол – жүрегіне трансплантация жасалған алғашқы қазақстандық және трансплантацияланған науқастарды оңалту бойынша «Өмір тынысы» атты қоғамдық ұйым құрған тұлға. Дәл сол адам 2016 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясы аясында сөйлеген сөзінде: «Мен, Ассамблеяның 100 пайыз мүшесімін, қазақ болып дүниеге келдім, операцияны корей ұлтының өкілі жасады, ал орыс әйелінің жүрегі маған екінші өмір сыйлады! Бұл шешімді оның балалары – Игорь мен Вероника қабылдады. Енді олар менің ең бауырмал және жақын адамдарым. Олар бүгін бізбен бірге осы залда отыр" деді, – дейді Зарема Шәукенова.
Келесі жылы – ҚХА-ның 30 жылдығы. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл – саяси мәні бар өте маңызды мерейтой. Оны ең алдымен ҚХА-ның қызметін түсіндіру және насихаттау, азаматтарымызды халқымыздың бірлігін нығайту жолындағы қажырлы жұмыстарға тарту үшін өте орынды әрі мұқият қолдану керек.
Үкімет Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарын әзірлейді. Барлық мемлекеттік орган, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, ғылым мен мәдениет қайраткерлері, қоғам өкілдері түрлі сипаттағы іс-шараларға қатысады. Бұл жоспар жаһандық сипаттағы және Біріккен Ұлттар Ұйымына тиесілі «әралуандықтағы бірліктің» негізгі қағидатын әлеуметтік жобалармен көрсету үшін атқарылатын іс-шараларды үйлесімді біріктіруі керек, – дейді академик.
Ассамблеяның мемлекеттік шешімдерді қабылдаудағы рөлін күшейту үшін, елде жүргізіліп жатқан реформалармен қатар, ҚХА-ның этносоциалдық шиеленістің ықтимал қайшылықты орындарын анықтау және алдын-алу үшін ғылыми және сараптамалық әлеуетін дамыту қажет.
Бұл ретте алғашқы көшбасшылар мен ғылыми және сараптамалық қоғамдастық өкілдерінен тұратын мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысы маңызды рөл атқаруы тиіс. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірлердің басшылары – облыс әкімдері тікелей өздері қолға алып, орынбасарларына тапсырмай, кемінде екі айда бір рет ҚХА өкілдерімен, соның ішінде ҚХА Ғылыми сараптама кеңесінің мүшелері және ҚХА Ғылыми сараптама топтарының өңірлердегі өкілдерінің қатысуымен ұлтаралық жағдай бойынша кездесулер өткізуге міндетті болады, – дейді Зарема Кәукенқызы.
Ассамблея ұлтаралық қарым-қатынас үшін қолданыстағы платформаларды әзірлейді және жаңа платформаларды жасайды, әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырып, еріктілер мен жергілікті қауымдастықтардың қызметін ынталандырып отырады.
Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының үлкен жүрегі оның негізін қалағандардың және халқымыздың әл-ауқатын, еліміздегі бейбітшілік пен келісімнің құндылықтарын сақтау жолында жүрген азаматтардың саналы іс-әрекеттерінің нәтижесінде үздіксіз соғып тұр, – дейді Заурема Шәукенова.
Ержан Жаубай