Алматы облысының активі Елбасы жолдауында айтылған міндеттерді талқылады

Аймақ басшысы Амандық Баталов аудан әкімдері мен басқарма басшыларына алдағы мақсаттарды түсіндіріп, атқарылатын жұмыстардың қандай бағытта жүзеге асуы керектігін айтты.

Биыл Жетісу жерінде «Алматы-Өскемен», «Үшарал-Достық» тас жолын жөндеу жұмыстары жалғасады. Алматы облысы ең алдымен аграрлы аймақ. Қазір Жетісу жерінде бұрынғы қант зауыттары қайта қалпына келтіріліп жатыр.

«Мемлекет басшысы «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек» деді. Ол үшін жерді пайдалану тиімділігін еселеп арттыруға тиіспіз. Алдымызда алдағы бес жылда суармалы егіс алқаптарын 40%-ға кеңейтіп, 2 млн гектарға жеткізу міндеті тұр. Біздің жеріміз экологиялық тұрғыдан таза тағамдарды өндіруге өте қолайлы. Халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті болу үшін шикізаттан дайын өнім шығаруға көшуіміз қажет. Мақсатсыз жұмсалған Үкімет қаржысы үшін аудан әкімдері жауап беретін болады», - деді Амандық Баталов.

Қанатхан Нүсіпов, фермер:

- Орта, кіші бизнестер отырмай еңбек етісіп, сауданы жаңғыртса, көбейтсе, біздің экономикамыз жақсарады. Экономикамызға қосқан үлес болады деп сенеміз және біздің бюджетімізге көптеген ақша түседі.

Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі;

- Жақында ғана Елбасы өкілеттілікті қайта бөлу жөнінде шешім қабылдап, конституциялық реформалар бағдарламасын ұсынды. Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына жолдауы сол жұмыстардың нақты жалғасы. Биылғы жолдау аясында Елбасы 5 басымдықты көрсетіп, нақты міндеттер қойды.