Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясын кеңейту бизнесті дамытуға зор мүмкіндік береді

«Бірқатар мемлекеттік қызметті бизнес атқарса тиімді болады. Ал бизнесті дамытуға мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясын кеңейту зор мүмкіндік береді». Елбасы бұл туралы халыққа Жолдауында атап айтты.

Мысалы, Ақтөбе облысында өткен жылы 41 балабақша ашылса, оның отыз жетісі осы жүйе бойынша қызмет көрсетеді. Одан бөлек, медицина, спорт және мәдениет саласында да ірі жобалар іске асырылып жатыр. Облыстық мамандандырылған физика-математика мекте-интернаты ашылғалы үш рет ғимарат ауыстырды. Әр жерге көшіп-қонып жүру тиімсіз болғандықтан, мектепті жабу мәселесі де көтерілді. Дарынды балалардың ата-аналары мектепке басыбайлы ғимарат сұрап, біраз есікті қақты. Бұл проблема өткен жылы шешімін тапты. Өзі білім саласында ұзақ жыл еңбек еткен кәсіпкер Күлпаршын Айдарханова су жаңа ғимарат салып берді. Мектеп қазір жекеменшік-мемлекеттік серіктестік негізінде жұмыс істейді.

Күлпаршын Айдарханова, кәсіпкер:

- Мына физика-математика интернатының басшыларымен, облыстық білім беру басқармасының басшыларымен кездесіп, қай жерде, қандай бөлмелер болатынын, соның бәрін қарастырып, сол 7 айдың ішінде салып, сол 2016 жылдың аяғында іске қостық деп айтқым келеді.

Мынау көз ауруларын емдейтін заманауи клиниканың құрылысы. Құны 3 млрд 200 млн теңге болатын кешен биыл жыл аяғында пайдалануға беріледі. Клиниканы салып жатқан кәсіпкер мемлекетпен серіктестік негізінде жұмыс істейтін болады.

Бақытжан Мыңбаев, мердігер компания өкілі:

- Жары қалды қалайтын төртінші этаждың, сосын, төбесі, сонан кейін ішкі жұмыстар қалып тұрғаны. Жақсы материал, шығатын материалдардың барлығы осы қаладан, Ақтөбенің материалдары.

Жалпы денсаулық сақтау саласында бірнеше жоба сәтті іске асты. Оның ішінде жедел жәрдем қызметі, медициналық оңалту кешені және мүгедек балаларға арналған әлеуметтік орталық бар. Биыл тағы 10 амбулатория салынып, осы жаңа жүйемен қызмет көрсетеді.

Қайрат Бекенов, облыс әкімінің орынбасары:

- Елбасымыздың биылғы халыққа Жолдауының бір бағытының бірі - мемлекеттік және жекеменшік әріптестік резервтерін пайдалануға өңірлерге тапсырма. Облыста салып жатқан нысандарды айтатып болсақ, бұл балабақшалар, мектептер, ауруханалар, спорт нысандары және көптеген әлеуметтік нысандар.

Жекеменшік-мемлекеттік серіктестікті дамыту аймақтық орталығы тағы 38 жоба дайындап жатыр. Өткен жылы 37 балабақша ашылса, биыл 8 бақшаның жобасы әзір тұр. Мемлекет үшін маңызды нысандардың құрылысына 28 млрд теңге қаржы жұмсалады. 7 жоба бойынша нақты келісімшарт жасалды. Инвестицияның 30 пайызы шетелдік инвесторларға тиесілі.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев.