Елбасы жолдауы өңірлерде қызу талқыланып жатыр

Елбасының Қазақстан халқына арналған кезекті жолдауы өңірлерде қызу талқыға түсіп жатыр.

Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің машина жасау және көлік факультетінің деканы Төлеуғазы Тоқтағанов: «біз табиғи байлықтар есебінен  материалдық негіз қаладық. Кадрлар дайындап, білім саласын дамыттық. Байлығы жоқ, бірақ интеллектуалды білімінің арқасында әлемге танылған елдер көп. Олар озық технологияларды игеріп, соның арқасында экономикасын тіктеді. Бұл біздің де қолымыздан келетін дүние», - дейді.

Профессордың айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында құрылатын біртұтас көліктік, логистикалық және коммуникациялық құрылым Қазақстан үшін тағы бір теңдессіз мүмкіндік болғалы тұр.

Төлеуғазы Тоқтағанов, ПМУ металлургия, машина жасау және көлік факультетінің деканы:

- Көлік саласы бұл Қазақстанда ең бір пайда табатын жер. Өйткені Қазақстан қазақша айтқанда, тоғыз жолдың торабында тұр. Біздің бір жағымызда Қытай, бір жағымызда Еуропа, осылардың барлығын ортасын қосып тұрған біз. Осыны тиімді пайдаланатын болсақ, біздің елдің экономикасының дамуына өте үлкен үлес қосады. Сондықтан да үлкен логистикалық орталық мысалы мына біздің Павлодар өңірінде ол істер басталып кетті, біздің Павлодар өңіріміздің қарқынды дамуына үлкен жағдай жасалады.