Қолөнер шебері қойдың жүнін кәдеге жаратып отыр
Түркістан облысында рекордтар кітабына енген қолөнер шебері тұрады, деп хабарлайды 24KZ.
Мақтааралдық Нұрбибі Омарова аядай ғана бөлмеде қойдың жүнін кәдеге жаратып, түрлі бұйымдар жасайды. Ұлттық қолөнерді дәріптеп жүрген еңбек адамымен әріптесім Жандос Жұмабек тілдесіп қайтты.
Нұрбибі Омарова 6 жылдан бері түтілген жүннен түрлі бұйымдар жасайды. Қала берді қазақи нақыштағы шапан сүріп, сөмкенің де түр-түрін әзірлейді. Тіпті жүннен жасалған әшекей бұйымдары да сұранысқа ие. Қажетті шикізатты көрші облыстан сатып алатынын айтады.
Нұрбибі Омарова, шебер:
- Кез келген қойдың жүні болмайды. Мына жүнді біз Тараздан аламыз. Сол жерде цех бар. Сонда жуып, өңдеп, дәл осындай түрде бізге сатады. Меринос қойының жүні. Біздің оңтүстікте қара қой. Оның жүні қылшық, адам денесін қышытады. Ауырлау келеді. Мына қойдың жүні өте жеңіл, жұмсақ келеді адам денесіне.
Зейнеткер бұл өнерді жетік меңгеру үшін Қарағанды облысына арнайы барып, 1 айлық курсын оқып келген. Жүннен жасаған бешпет, шапандарын мерекелік кештер мен той-томалаққа кию үшін жан-жақтан келіп, сатып әкетіп жатыр. Кәсіпкер тапсырыстың басым бөлігін онлайн түрде қабылдайды.
Димаш Аязбеков, Мырзакент ауылының тұрғыны:
- Нұрбибі апайдың қолөнер жұмыстарын, шапандарын әлеуметтік желі арқылы көріп, Мырзакенттен осы Абай ауылына алайын деп келіп тұрмын. Құдалықтарға, той-томалаққа, сыйлы қонақтарға беруге болатын өте құнды сыйлық. Өзіме қатты ұнады.
Шебер облыстық, республикалық және халықаралық көрмелерге ұдайы қатысып, өз өнімдерін шығарып отырады. Нәтижесінде еліміз бойынша «Хас шебер» деген атаққа ие болып, КИНЭС рекордтар кітабына енген. Алайда бабадан қалған саф өнерді үйренуге кейінгі буынның қызығушылығы төмен, – дейді.
Нұрбибі Омарова, шебер:
- Мақсатым – осы ұмыт болған дәстүрімізді ары қарай жалғастыру. Болашақ ұрпаққа қалдыру. Қазір келіндеріміз бен қыздарымыздың бәрі үйде отырып алып, жұмыс жоқ. Мемлекет бізге не береді, – дейді. «Ұрпаққа не қалдырамыз» деген алда мақсат болу керек адамда. Сол себепті де мен тегін үйретемін. Бірақ теген үйретемін дегенге бәрі қауіптене ме, қорқа ма – менің шәкірттерім өте аз.
Шебер киіздің адам денсаулығына пайдасы орасан зор екенін айтады. Себебі жүн талшықтары теріні тыныштандырып, адамның жүйке-жүйесіне жағымды әсер етеді, – дейді. Алдағы уақытта мемлекеттік грантқа құжат өткізіп, кәсібінің ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ербоат Әбіш, Қуаныш Әбуов.