Атыраудағы колледж ең үздік әлемдік оқу-өндірістік тәжірибелерге сәйкес білім береді

Атыраудағы жоғары техникалық колледж еңбек нарығының талаптарына және ең үздік әлемдік оқу-өндірістік тәжірибелерге сәйкес білім береді.

Өркениет көшімен қатар келе жатқан білім ордасында мұнай-газ саласынан бөлек, кәсіби дәнекерлеушілер дайындайтын оқу орталығы да ашылған болатын. Бұл жоба Мемлекет басшысының жастарға алғашқы кәсіби білімді тегін беру туралы бастамасы бойынша жүзеге асырылып жатыр.

Ермек Күзенбаев, жоғары техникалық колледждің директоры:

- Кәсіптік және техникалық білім беру саласында да модернизациялау жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде біздің колледжде осы дәнекерлеу ісі, мұнай-газ саласын электрмен қамтамасыз ету, бақылау-өлшеу құралдары, автоматика бағыттары бойынша өндіріске негізгі қажетті мамандар даярлау мақсатында өндірістің талаптарына жауап беретін кадрлар даярлауда біз жұмыс істеп жатырмыз.

Халықаралық деңгейдегі білім беру орталығының материалдық-техникалық әлеуеті бүгінгі заман талабына толық жауап берді. Оған қоса канадалық тәлімгерлермен біріккен отандық оқытушылар әлемдік стандарттар негізінде білім береді.

Нұрбек Құбаев, дәнекерлеуші:

- Болашақта енді тек қана электр ғана емес, басқа да сварканың түрлерін үйрену мақсатымыз бар. Ол күн сайын өзгеріп тұратын болғасын оны алға қарай дамып, тек алға қарай жаңа аппараттар мен жаңа технологиялармен жұмыс істеп үйрену керек. Сол біздің мақсатымыз еді бұйыртса.

Бұл жобаны жұмыс берушілер де қолдап отыр. Яғни теория мен тәжірибені жетік меңгеріп шыққан кәсіби деңгейі жоғары жас мамандарға жол ашық.

Метин Палик, құрылыс компаниясының өкілі:

- Бүгін біз оқушылардан емтихан қабылдадық. Нәтижелері көңілімізден шықты. Толық курсты аяқтап шыққан соң үздіктерді өзіміздің компанияға жұмысқа қабылдаймыз деген шешім қабылдап отырмыз.

Білім мен өндірісті тығыз байланыстырған жас мамандардың жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғары. Халықаралық талаптарға сай жаңғыртылған жаңа білім беру жобасының арқасында енді жас мамандар кәсіпорындарға бірден жолдама алатын болады.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Темірлан Сұтанғазы.