Елбасы жолдауын жас мамандар да толық қолдап отыр

Елбасының адами капитал сапасын жақсарту керек деген ойын жас мамандар толық қолдап отыр.

«Білім» медиатобының басшысы Рауан Кенжеханұлы жолдауда көрсетілген міндеттердің заман талабынан туындап отырғанын айтады. Оның ішінде сыни ойлау қабілеті жоғары, өз бетінше ізденуге құштар ұрпақ тәрбиелеу үшін оқыту бағдарламаларын жетілдіру керектігін қуаттайды. Елбасы атап көрсеткен қала мен ауыл мектептерінің алшақтығын азайту мәселесі де көптің көкейінде жүрген түйткіл екені де рас. Медиатоп жетекшісі білім беру жүйесін өзгерте отырып, білікті де білімді маман дайындауға жол ашылады деген ойда.

Рауан Кенжеханұлы, «Білім» медиатобының  жетекшісі:

- Кез-келген жаңғырту, кез-келген модернизация ең әуелі әлеуметтік базаға сүйенеді. Егер денсаулығы мықты, білімді, білікті, жеке мәдениеті, азаматтық ұстанымы биік жаңа толқын болмаса, қандай да жаңғырту, өзгеруді, модернизацияны көксейтін жоспарлар тұл деуге болады. Ал адами капитал дегенімізбұл жекелеген саланың ғана жұмысы емес, мұнда адамның жеке адам ретінде, маман ретінде қалыптасып, толуына әсері бар барлық саланың өте тиімді жүйелі жұмысының ортақ нәтижесі.