Алматыда жастар ұйымдары мен зиялы қауым өкілдері жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыруды талқылады

Бүгін Алматыда республикалық этномәдени бірлестіктердің белсенділері, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшелері, жастар ұйымдары мен зиялы қауым өкілдері бас қосып, Елбасының биылғы Жолдауындағы негізгі міндеттерді жүзеге асыру туралы ойларымен бөлісті.

«Ендігі жерде ел экономикасының қозғаушы күші-шағын және орта бизнесте ісін жаңа бастаған жастарға мейлінше қолдау көрсетіп, жағдай жасау, өндіріске заманауи технологияны белсенді енгізу арқылы өнімділікті арттыру міндеті тұр», - дейді Ассамблея мүшелері. Ал оны жүзеге асыруға елімізде тұрып жатқан барлық ұлт өкілдері ат салысуда.

Ералы Тоғжанов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары:

- Қоғамдық келісімі бар, бірлігі бар мемлекет қана тәуелсіздігін нығайтады. Жаңа технологияға байланысты қойылып отырған сұрақтардың бәрінің түбінде интеллектуалдық ұлттың қалыптасу сұрағы тұр. Қазақстанның әрбір азаматының саяси-қоғамдық өмірге тікелей атсалысуына мүмкіндік жасау тек қана мемлекеттік тілді терең білудің арқасында мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз.