Ә.Байжанқызы: Жолдауды іске асыруға біз, бизнес өкілдері атсалысуымыз керек

Елбасы Жолдауын Атырау облысының жұртшылығы да қызу талқылап жатыр.

Жалпы, қара алтынды аймақ әлеуметтік-экономикалық әлеуеті бойынша республикамызда көшбасшы өңірлердің бірі. Өткен жылы облыс кәсіпорындарының шикізаттық емес сала бойынша өндірген өнім көлемі 60 млн АҚШ долларына жеткен. Мұнай-газ, машина жасау салаларынан бөлек, ауыл шаруашылығының өзінде соңғы бес жылда айтарлықтай өсім бар. 2016 жылы шаруалар 62 млрд теңгенің өнімін өндірген. 365 млрд теңгенің тауарын шығарып, халыққа түрлі сервистік қызмет көрсеткен шағын және орта бизнес секторы да аймақтың дамуына елеулі үлес қосып отыр. Өңірдегі 50 мыңнан астам кәсіпкерлік нысанда 120 мың адам еңбек етіп жүр. Ел Президенті биылғы Жолдауында да кәсіпкерлік саласына баса назар аударып отыр. Шағын кәсіп иелеріне берілетін жеңілдетілген несиенің көлемі 3 млн-дан 16 млн теңгеге көбейтілмек. «Мемлекеттік бағдарламалардың барлығы жеке кәсіпкерлердің өрісін кеңейтіп, өңір экономикасын әртараптандыруға және тұрақты дамуға сеп болады», - дейді іскер азаматтар.

Әлия Байжанқызы, облыстық кәсіпкерлер одағының төрайымы:

- Бұрын біз, әке-шешесі бизнесті бастасақ, қазіргі жаңа технологиямен жастар ары қарай жалғастыруы керек. Соның бәрін біз халыққа жеткізуіміз керек. Осы Жолдауды бизнес өкілдері өте қатты қолдайды. Неге десеңіз, Елбасы әлі де айтып жатыр «бизнеске қандай кедергі бар, сол кедергілерді алып тастауымыз керек» деп. Жаңа жұмыс орнын ашуға да бизнестің үлкен септігі тиеді. Сондықтан бизнес өкілдерін әлі күнге дейін Елбасы қолдап келе жатыр. Осы Жолдауды іске асыруға біз, бизнес өкілдері атсалысуымыз керек.