Сарапшы пікірі: Елбасы Жолдауы экономикамызға үлкен серпін бермек

Елбасының соңғы Жолдауындағы бағыттардың басым бөлігі ел экономикасына арналғаны мәлім.

Президенттің Үкіметке «Сандық Қазақстан» атаулы арнайы бағдарлама жасауды, «ЭКСПО-2017» нысандарының бірін тың жобалар үшін халықаралық технопаркке айналдыруды, Назарбаев университеті мен «Алатау» IT-қалашығы негіздерінде ғылыми инновацияны дамытуды тапсырғаны да сондықтан. «Парасат» көпсалалы институтының сарапшысы Мәншүк Кәрімова осыған қатысты өз пікірімен бөлісті.

Мәншүк Кәрімова, «Парасат» көпсалалы институтының сарапшысы:

- Елбасының халыққа жолдаған соңғы үндеуінде экономиканы жеделдетілген түрде технологиялық модернизациялау қажеттілігі айтылды. Бұл жаңа әрі көп үміт күттірер салалардың дамуына, сандық технологияның кеңінен қолданылуына ықпал етпек. Сонымен қатар Елбасы Үкіметке 2025 жылға дейін дамудың «Ұлттық технологиялық бастама» стратегиялық жоспарын дайындауды тапсырды. Меніңше, бұл алдағы экономикамызға үлкен серпін бермек. Өйткені техникалық прогресс қана экономика өсіміне кепіл бола алады.