Жер қойнауы туралы кодекске «сарқылатын кен орындары» ұғымы енді
2023 жылы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексте «сарқылатын кен орындары» ұғымы енгізілді.
Бұл туралы Энергетика министрлігі хабарлады. Сондай-ақ құжатқа инвестордың міндеттемелері жазылды. Ал биыл осындай кен орындарын пайдаланушыларға балама салықты қолдану үшін "Салық кодексіне" түзетулер енгізілмек. Бұл 307 мұнай кен орнының 24-і деп хабарлады ведомство. Аталмыш реформа геологиялық барлауға жыл сайын 200 млрд теңгеге дейін инвестиция салуға мүмкіндік береді.
Асхат Хасенов, ҚР Энергетика вице-министрі:
- 2022 жылдың нәтижесі бойынша 13,3 трлн теңге салықтар бюджетке төленді. Бүкіл жер қойнауын пайдаланушылардан, бұл уранды қоспағандағы сома. Екіншісі 2023 жылы – 11,7 трлн теңге салық төледі. Айырмашылық неде? Ол қарапайым тілмен айтқанда, мұнай бағасының өзгеруі, әлемдік мұнай бағасының өзгеруі, яғни кез келген 2 доллар болсын, 3 доллар барреліне болсын өзгеруі, біздің экономикаға да әсерін тигізеді.
Қазақстан Бейнеу терминалы арқылы Ауғанстанға астық пен ұн экспортын арттыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы премьер-министр сайты хабарлады. Маңғыстау облысындағы терминал Қазақстан-Түрікменcтан шекарасына тікелей шыға алады. Өткізу бекеті экспортқа арналған өндірістік инфрақұрылыммен жасақталған. Терминал айына 100 мың тоннаға дейін астық, 12 мың тонна ұн жөнелтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Қазақстанның Оңтүстік Азия бағыты бойынша Қытай жүктерін транзиттен өткізу мүмкіндігі бар. Бұл мақсатта Қытай–Қазақстан – Түркіменстан-Ауғанстан бағыты қарастырылды. Жүктерді біріктіру үшін Сиань қаласындағы терминалды пайдалануы мүмкін. Қазақстандық мамандардың есебіне сай, Сиань, Үрімші қалаларынан Ауғанстанға контейнерлік пойыздармен тауар жеткізу шамамен 10-12 күнді алады.
Шетелге сатылатын тауарларға тоқталсақ. Биыл отандық кәсіпорындар 3 млрд 600 млн долларға өнім экспорттады. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда 7%-ға аз. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты азайған. Ұн, астық, күнбағыс майы мен тұқымын сату бәсеңдеген. Негізгі себеп әлемдегі экспорттық бағалардың төмендеуі. Осы кезеңде шикізаттық емес тауарлардың импорты да шамамен 6%-ға азайды. Ал 2022 жылы Қазақстан 84 млрд 600 млн долларға тауар сатты. Өткен жылы мұнай бағасы арзандап, қара алтын саудасынан түскен табыс 10%-ға төмендеді. Экспорттан түскен барлық кірістің үштен бірі қайта өңделген өнім. Бұл ферроқорытпалар, мыстан жасалған катодтар, қайта өңделген уран, автомобильдер, ауылшаруашылық өнімдері. Қазақстанда өз өнімін шетелге экспорттайтын 2,5 мыңға жуық шикізаттық емес тауар өндіруші бар.
Қазақстан Республикасының экспорты, $ млрд
Жалпы экспорт
2019 – 58,1
2020 – 47,5
2021 – 60,3
2022 – 84,6
2023 – 78,7
"Gaztrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ деректері