ЭКСПО-да ұсынылған ауаның ластануын қадағалаушы құрал елордада орнатылады

ЭКСПО көрмесінде жарияға паш етілген финдік технология келер жылдан бастап, елордада қолданыла бастайды. Автоматты құрал Астана ауасының ластануын бақылауға септігін тигізбек. Бұл туралы «Қазгидромет» мекемесінің өкілдері хабарлады.

Мамандардың айтуынша, бас шаһарда тек бір ғана құрылғы  орнатылған. Қазір ол сынақтан өткізіліп жатыр. Қолданыстағы ресейлік құрылғыларға қарағанда финдік ноу-хаудың артықшылығы көп деседі. Көлемі шағын, мобильді әрі арнайы жер бөлуді қажет етпейді. Құралды бағана дуал немесе ғимараттың төбесі сияқты кез-келген жерге қоюға болады. Энергияны күн көзінен алатын өлшеуіштің дәлдігі де жоғары. Бірақ бір кемшілігі аппараттың азот оксиді мен күкіртті сутекті анықтауға арналған сенсоры жоқ. Қазір фин тарапы осы олқылықтың орнын толтырумен айналысып жатыр. 

Дана Аманбаева, «Қазгидромет» РМК зертханасының басшысы: 

- Тестілік жұмыстар біткеннен кейін егер алынған нәтижелер біздің автоматты бекеттеріміздегі нәтиежелермен сәйкес келіп жатса және де осы жылдың аяғына дейін «Вайсал» компаниясы датчиктерді осы екі компонентпен толықтыратын болса онда «Қазгидромет» басшылығы оны қолдануға шешім қабылдап отыр.