Қоғамдық қауіпсіздік сақшылары қалай жұмыс істейді?

Әр елді мекендегі тәртіпті қадағалайтын бір кәсіп иесі бар. Басына іс түскен адам әуелі сол маманды іздейді. Ұрыны аңдитын, тентекті заң арқылы тезге салатын, кейде араздасқандарды сабырға шақыратын ол күні-түні дамыл таппайды. Себебі арқалаған жүгі ауыр. Қоғамдық қауіпсіздіктің қырағы сақшысы саналатын учаскелік инспектор тұрғындардың бәрін таниды. Оны да ауыл азаматтары жақсы біледі. Полиция қызметкері шағым айтып келген азаматтың мұң-мұқтажына құлақ асуға тиіс. Кейде осындай қарапайым қағидалардың арқасында іс насырға шаппай, ақылмен шешіліп жатады. Әсіресе ауылдықтар мен учаскелік инспектор арасындағы сенім мен бір-біріне көрсеткен қолдаудың арқасында көп кикілжің көпке созылмайды. Осы істің басы-қасында үнемі тәртіп сақшылары жүреді.