Ақылы жолдар тағы көбейеді

Жол мәселесі қашан да өзекті. Көлік министрлігі кеше Үкіметке келіп, алдағы 3 жылдың жоспарын жайып салды. 2029 жылға дейін министрлік 5 ірі жобаны аяғына дейін жеткіземіз деп отыр. Иә, жоспар ауқымды. Оған бөлінетін қаражат та қомақты. Жалпы құны 4,6 триллион теңгені құрайды. Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2029 жылға дейін ел аумағында 10 мың шақырым автожолға орташа жөндеу жүргізу жоспарланған. Қазірдің өзінде оның 5 мың шақырымы аяқталыпты. Қалған жартысы алдағы жылдары жөнделіп, тапсырма толық орындалады.