Баспанаға ақша бөлінсе де, халық үйсіз отыр
«Өз үйім, өлең төсегім» деп, қарашаңырағында көсіліп жатуды армандайтын отандастарымыздың саны артып барады. Елімізде 1 жарым млн-ға жуық жас баспанаға зәру. Мемлекет мұқтаждықты азайту үшін жылда қазынадан қыруар қаржы бөледі, бірақ қоныс тойын тойлаушыларға қарағанда үй- күйсіз жүргендер көбейеді. Өйткені милиардтар жер-жебіне жетпейді, содан соң баспана мәселесі бітпейді.
Қазір Қазақстанда 650 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Үкімет бұл тізімдегінің бәріне бірдей баспана салып үлгере алмайтынын айтады. Бірақ биліктен жылда ақша алатын «Отбасы банк» халықты үйлі-жайлы ету үшін берілген 73 млрд теңгенің 80 пайызын игермепті. Депутат Нартай Сәрсенғалиев бұл 58 миллиард теңгеге кем дегенде 2352 жанұяны баспана бақытына бөлеуге болар еді дейді.