Полиция мен қоғам арасындағы сенімді нығайту жолы талқыланды

«Полиция мен қоғамның өзара әрекеттестігі: негізгі қағидалар және сарамандық ұсынымдар». 

Осындай тақырыпта құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін Ішкі істер министрлігінің Қостанай академиясында тренинг ұйымдастырылды. Мұнда тәжірибелі мамандар халықпен сындарлы диалог құру, келіссөз жүргізудің озық әдіс-тәсілдері туралы айтып берді. Бейбіт шеру, жаппай жиындар кезінде құқық пен тәртіпті қамтамасыз ету полицияның басты міндеті. Бірақ сол шешуші сәттерде сала мамандары жұртпен тіл табысудың тетігін таппай жатады. Оның бір себебі ұлттық қажеттілік мен ерекшеліктің ескерілмеуі дейді Адам құқығы жөніндегі хартияның атқарушы директоры Жеміс Тұрмағамбетова. 

Жеміс Тұрмағамбетова, Адам құқығы жөніндегі хартияның атқарушы директоры:

- Бір елдің тәжірибесін екінші елге әкелу мүмкін емес. Бірақ өзіміздің халықтың психологиясына қарап, өзіміздің дәстүрімізге қарап, соны халықаралық бағдарламаларға сай келтіріп, соны орындау. Қазақтарда баяғыда үлкен адамдар, нағыз зиялы қауым жүретін жанжал шығып жатса, қазір ондай жоқ. Негізі қазір жалғыз ғана келісім жүргізетін полиция қызметкерлері. Ал олардың да кейде тәжірибесі жетпей қалады.