Қызылордада жаңа әуежай терминалы іске қосылды

Президент тапсырмасымен халықаралық талаптарға сай салынған нысанның ашылу рәсіміне Үкімет басшысы Олжас Бектенов қатысты.

Аумағы 7 жарым мың шаршы метр болатын ғимаратта телескопиялық трап, эскалатор мен лифт орнатылды. Жүріп-тұруы қиын жолаушыларға ыңғайлы болу үшін барлық жағдай қарастырылған. Енді  әуежайдың жылдық жолаушы тасымалдау көлемі 7 есе артып, жүк айналымы да ұлғаяды. Мұндай мүмкіндік аймақтың экономикалық дамуымен қатар, туризм саласын серпілтуге дем береді, - деді Премьер-министр.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Қазіргі таңда Президентіміздің бастамасымен отандық бизнес өкілдері әлеуметтік жауапкершілік үлгісі бойынша аймақтарда ірі нысандардың құрылысына атсалысуда. Бұл жоба да осындай мемлекеттік жеке меншік әріптестіктің арқасында іске асырылып отыр. Жаңа терминал Қызылорда облысының дамуына тың серпін береді деп сенемін. Халқымыз «Жол мұраты жету»,-дейді. Қорқыт ата әуежайы елмен елді елдестіріп, ағайын-туыс арасын жалғасытырып, іскерлік байланыстың алтын көпірі болсын.

Баян Әжмолдаев, "Қорқыт Ата әуежайы" АҚ Басқарма төрағасы:

- Қызылорда әуежайынан аптасына 26 рет рейс орындалады. Жаңа терминал бүгіннен бастап іске қосылады. Сағатына 250 жолаушыға қызмет көрсететін боламыз. Бұл дегеніміз жылына 2 млн жуық жолаушыға қызмет көрсететін мүмкіншілігіміз бар.