Креативті экономика: міндет пен меже
Алдағы екі жылда 30 мың жаңа жұмыс орнын құру.
Бұл креативті индустрияны дамытудағы бастапқы меже. Осылайша тың саланың экономикадағы үлесін 5 пайызға өсіреміз.
Бұған қалай қол жеткізуге болады? Қандай іс атқардық? Кезекте «Бұл анық» айдары.
985 трлн АҚШ доллары! Бұл әлемдік креативті экономикадағы қаржы айналымы. Форбс кеңесінің мүшесі Игорь Богачев саланың мұнымен бұнымен тоқтамайтынын айтады. Джи 20 форумының зерттеу орталығы 2030 жылға қарай креативті индустрия жаһандық жалпы ішкі өнімнің 10 пайызын құрайтынын болжап отыр. Ал Делойт консалтингтік компаниясы шығармашылық сектордың өсімі алдағы 6-7 жылда 40 пайызға жететінін айтып отыр.
Мұндағы Қазақстанның үлесі қандай болмақ? 2025 жылға дейін креативті өнім экспортының үлесін 200 млн АҚШ долларына жеткізу жоспары бар.
Әзірге креативті индустрияда 285 мың азамат еңбек етеді деген дерек бар. Бұл халықтың 3 проценті. Арасындағы креативті кәсіпкерлер саны 30 мыңнан сәл асады. Дәл осы креативті экономиканы зерттеумен айналысатын сарапшы Дана Шаяхмет ең алдымен бизнес қолдау көрсету керегін айтады.
Дана Шаяхмет, креативті экономика саласын зерттеуші:
- Креативті экономиканың өзегі – кәсіпкерлер. Олар мемлекет салаға ден қойғанға дейін де кәсібін дөңгелетіп келген. Ал енді үкімет секторға назар аударған екен, демек мемлекет креативті индустрияны қолдау тетіктеріне баса мән бергені жөн. Мәселен, «Болашақ» бағдарламасының басымдыққа ие мамандықтар тізіміне креативті саланы қосса жақсы болар еді. Сондай-ақ, бұл салада қызмет ететін кәсіпкерлерді оқыту қажет. Ол үшін әрине, қажетті инфрақұрылымды дамытуымыз керек. Өз басым Орталық Азия елдеріндегі креативті саланы жіті зерттегім келеді. Меніңше, экономиканы осы бағытта дамыту үшін сапалы зерттеу қажет.
«Экономист» баспасына берген сұхбатында сарапшы креативті экономика көлеңкелі сипатқа ие екенін айтып қалды. 5-6 адамнан құралған бизнес жеке кәсіпкердің атына тіркеледі. Сәйкесінше салық та сол тұлғаға ғана төленсе, қарамағындағы қызметкерлерге жалақы конвертте берілуі мүмкін. Сондықтиан оны көлеңкеден шығару үшін расымен мемлекеттік қолдауы қажет-ақ.
Есте болса, креативті индустрияның өрісін кеңейтін, тынысын ашу үшін Президент әр өңірде арнайы хаб ашуға пәрмен берді. Мақсат – таланттарды іздеу, оларға мемлекеттік қолдау тетіктерін қарастырып, зияткерлік өнімдерін коммерциаландыруға және экспорттауға жәрдемдесу.
Германиялық қандас Исмаил Оркун Атамекенге қайтып келіп, креативті саланы дамыту үшін арнайы платформа құрмақ ниетте. Айти маманы мұндай құралдың әлемдегі баламасы жоғын айтады.
Исмаил Оркун, IT маманы:
- Қазақстанда әзір мұндай құрал жоқ. Саладағы қызмет түрлері жік-жікке бөлінген. Жастарға да, саладағы кәсіпкерлерге де бір-бірімен байланыс орнату қиын. Мысалы, қандай да бір іс-шараны іздеу үшін инстаргам не сайттарға кіру керек. Жұмыс іздесек те басқа платформаның көмегіне жүгіну қажет. Ал мына жоба әрі байланыс құралы ретінде, әрі креативті жандардың қауымдастығы ретінде қызмет етпек. Ешбір іс-шара назардан тыс қалмайды. Жаңалық пен оқыту курстары қашанда назарда тұрады. Міне бұл тұтас креативті индустрияның дамуын жеделдетпек.
Мәдениет және ақпарат министрлігі бүгінде креативті индустрияның қатарына жататын 43 түрлі бағытты анықтаған. Тіпті экономиканың тың саласын дамытудың жол картасы әзірленді. Тек оны іске асыруға өз ісіне берік мамандар жұмылуы тиіс. Бұл анық!