Халықаралық театр күні
Иә, бүгін театр қайраткерлерінің кәсіби мерекесі.
Атаулы күн дүниежүзінде 1962 жылдан бері тойланады. Осы ретте театр туралы қызық деректерге құлақ түріңіз. Әлемде билет алу жүйесі ерекше театр бар. Ол АҚШ-тың Вирджиния штатында. «Бартер Театрына» кіру билетін ақшаға емес, тамаққа айырбастап алады. Ал ежелгі уақытта Сицилияда бір жылға созылатын қойылымдар сахналанған екен. Көрермендер күн сайын кешке таман қойылымның жалғасын көру үшін театрға жиналатын болған. Естімеген елде көп деген осы.
Бүгін - халықаралық театр күні. Айтулы дата дүниежүзінде 1962 жылдан бері тойланады. Сахна саңлақтарының кәсіби мерекесі күллі театр сүйер қауымға ортақ. Сұлудың көз жасындай мөлдір өнердің тұнығын лайламай, көптің көңілінен шығып жүрген ұжымдар біздің елде де аз емес. Солардың бірі - астанадағы «Жастар» театры.
«Жастар» театры Астана әкімдігінің қолдауымен 2007 жылы құрылды. Содан бері мұнда талай талантты жас қарымын шыңдады. Үлкен сахнаның киесін сезіп, бекзада өнерге алғашқы қадамын жасады. Солардың бірі - Әділ Ахметов. Қабілетімен қалың жұртшылықты баураған жас актер жұлдызын жаққан орта осы шаңырақ деп санайды.
Әділ Ахметов, «Жастар» театрының әртісі:
- Бұрын сахнада 20 актер, ал көрермен саны 15 болғанда өнер көрсеткен кездер болды. Қазір жер мен көктей.
Әділ секілді 60-қа жуық қыз-жігіт патшакөңіл көрерменге қалтқысыз қызмет етуге әркез әзір. Ал қойылымның сәтті шығуын белгілі режиссер Нұрқанат Жақыпбай ұдайы өз назарында ұстайды. Өнерге ғашық жастарды қанатының астына алып, бар тәлімін аямаған тұлға театрдың алдыңғы қатардан көрінуіне көп еңбек сіңірді. Ұжымның 16 жылдың ішінде халықаралық 16 байқаудың бас жүлдесін жеңіп алуы - осы сөзіміге дәлел. Алғаш «Шыңғысхан» спектаклімен шымылдығы түрілген мәдениет ордасында 60-қа жуық қойылым қойылды. Әлі де қалың жұртшылыққа тартуы аз емес.
Азамат Есқұлов, «Жастар» театры директорының міндетін атқарушы:
- Біз «Жібек» спектаклімен Кореяға бардық. Біздің актерлар өздері билейді,өздері ән айтады, өздері ойнайды, бесапап. Бұлар робот па деп таң қалған. Бізде жанды дауыста бәрі. Жылына 3 спектакль премьера береміз. Бұйырса, Қырғызстанның халық жазушысы Қ. Иманәлиев бізге «Шоқан» шығармасын жазып жатыр. Осы жақында аяқталуы керек. Сол «Шоқан» спектаклін шығарамыз.
Театрдың өнер өлкесін мойындатуына республиканың түкпір-түкпірін аралап, гастрольдік сапар жасауы үлкен серпін береді. Сондықтан сәуір айында әртістер Өзбекстан еліне аттанады. Алатопылы ағайын ұжымның ең үздік деген 4 қойылымын тамашалауға мүмкіндік алады. Ал жазға салым шығармашылық топ Түркиядағы өнер фестивалінде бақ сынайды.
Авторлары: Назерке Тоқжан, Ербол Дайыров
Елде қанша театр бар?
Театр көбейсе, түрме азаяр еді. Шерхан Мұртазаның осы сөзінен-ақ бұл өнердің маңызын аңғаруға болады. Кейінгі жылдары біздің елде мәдени орындардың қатары артып келеді. Министрліктің есебінше, театрлар саны 67-ге жеткен. Оның 57-сі мемлекет қарауында. 11-і республикалық мәртебеге ие болса, қалғаны өңірлерде ашылған. Былтыр 2 мыңнан аса спектакль қойылды десек, соның 66-сы тың туынды. Ал театрға барғандар саны 1 млн адамға жуықтаған. Былтыр театр ұжымдары 27 халықаралық жарысқа қатысып, олжалы оралды.
Театр 67
Мемлекеттік 57
Республикалық 11
Өңірлік 46
2023 жылы
Қойылды 2167 спектакль
Премьера 66
Көрермен 1 млн адам