Өңірде өкпе ауруы өршіп тұр
Шығыс Қазақстанда пневмония өршіп тұр. Өткен жылмен салыстырғанда дерт жұқтырғандар көрсеткіші 2,5 есе көбейіп кеткен. Мәселен, биыл 11 айда облыста бес мыңға жуық адам өкпе ауруын жұқтырған.
Соның ішінде ауруы асқынып, жағдайы күрт нашарлаған 88 науқас көз жұмды. Мамандардың айтуынша, өкпе қабынуын өз бетімен емдеп, медициналық көмекке кеш жүгінетіндер көп. Түрлі дәрі-дәрмекті ретсіз, бақылаусыз ішкен соң кейін оны емдеу де қиынға соғады. Сондықтан дәрігерлер бұл ауруға салғырттық танытпай, дер кезінде қаралып, салауатты өмір салтын ұстауға шақырады.
Зағрипа Әбдиева, ШҚО бас пульмонологы:
- Вирустық, бактериалық пневмония түрлерінен өлім-жітім тіркелген жоқ. Қайтыс болған науқастардың көбіне әбден асқынған, екінші қабынумен байланысты диагноз қойылған еді. Арасында есірткі қолданып есепте тұрғандар да болды.