Президент арнайы іздеткен қазақ сумошысы: Ерсін Балтағұл
Жапонияның ғасырлар бойы қалыптасқан, құпиясы мен дәстүрі терең сумо күресінің төріне шығу кез келгенге бұйыра бермейтін бақ. Ал сол алыптар арпалысқан боз кілемде қазақтың қайсар мінезін көрсетіп, жапон жанкүйерлерін тәнті етіп жүрген отандасымыз - Ерсін Балтағұлмен «24KZ» тілшісі сұхбаттасты.
Ерсін, қайырлы күн! Ең алдымен, Жапонияға қалай келдіңіз және кәсіби спортқа өту жолыңыз қалай басталды?
Мен өзім Алматы облысы, Балқаш ауданы, Бақанастың маңындағы Береке деген ауылдың тумасымын. Қазақстанда жүргенде қазақша күрес және дзюдомен белсенді айналыстым. Сол кезде арнайы скауттық бағдарламаның көзіне түсіп, Жапонияға шақырту алдым. Бұл елде тұрып жатқаныма қазір 10 жылдан асты. Алдымен мектепте оқыдым, кейін университетті тәмамдадым. Кәсіби спортта жүргеніме бес жылдың жүзі болды. Университеттер арасындағы чемпионаттарда жақсы нәтиже көрсеткеннен кейін, мені бірден 3-ші дивизионға қабылдады. Одан кейін 1,5 жыл ішінде ең жоғарғы Макучи дивизионына көтерілдім.
Сырт көзге сумошылардың өмірі тек көп тамақ ішіп, ұйықтаудан тұратындай көрінеді. Бүгінде жасыңыз 28-де, салмағыңыз 170 келі екен. Осы салмақты ұстап тұру және күнделікті режим қаншалықты қиын?
Иә, теледидардан көргенде екі дәу адам бірін-бірі итеріп жатқандай ғана көрінеді. Бірақ біздің жаттығуымызды өз көзімен көрген адамдар «мына спорт өте қиын екен ғой» деп таңғалып жатады. Сумо - өте үлкен калория мен энергияны талап ететін спорт түрі. Бәрі де еңбектің арқасы. Салмақты бір қалыпты сақтап отыру үшін қарапайым адамнан 1,5 есе көп және аса құнарлы тамақ жейміз. Оған қоса арнайы протеиндер мен дәрумендер қабылдаймыз.
Бірақ бұл тек тамақ ішу емес. Төзімділік пен ширақтықты арттыру, жаңа әдістерді меңгеру үшін күнделікті ауыр жаттығулар жасаймыз. Белдесу үстінде айла-тәсіл қолдануға небәрі 5-10 секунд қана уақыт беріледі. Сол сәтте шапшаң қимылдап, жылдам шешім қабылдап үлгеру керек. Сондықтан әр сумошы өзіне ыңғайлы салмақты ұстанады. Мысалы, менің салмағым 220 келі болса, 150 келілік қарсыласым менен екі есе ширақ қимылдауы мүмкін. Сол себепті 170 келі - менің ең оңтайлы, ыңғайлы салмағым.
Шетелдік ретінде олардың тілі мен ділін, салт-дәстүрін сіңіру қалай болды? Жапондар сізді қалай қабылдады?
Осы 10 жыл ішінде бұл елдің тілін де, әдет-ғұрпын да толық меңгердім. Негізі, жапондықтардың тәрбиесі, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуі біздің менталитетке өте ұқсайды. Шетелден келіп, олардың төл спортын дамытып, тілін үйреніп, мәдениетін құрметтеп жүргенімді көріп, жергілікті халық тек қуанады, құрметтейді. Жапонияда сумошылар өте сыйлы. Көшеде танып, суретке түсуді сұрайтындар, қолтаңба алатындар өте көп. Бұл мен үшін қалыпты жағдайға айналды.
Бір қызығы, жапондардың өздері: «Егер сумомен айналыссаң, тек Жапонияға танымал боласың, ал әлемге танылғың келсе, дзюдомен айналыс» деп жатады. Бірақ мен осы таңдауыма өкінбеймін, бұл елде маған бәрі қолайлы, достарым мен ортам осында. Оның үстіне, жапондардың Қазақстанға деген қызығушылығы зор. Біздің елді барып көргісі келетіндер өте көп.
Жақында Жапонияға жұмыс сапарымен барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескеніңізді білеміз. Бұл кездесу қалай өтті? Мемлекет басшысының сізге деген ықыласы қандай болды?
Бұл мен үшін өте ерекше және толқынысты күн болды. Маған елшіліктен «Президент келеді, кездесуге кел» деп хабарласқан еді. Бірақ дәл сол уақытта бізде өте қатал, маңызды оқу-жаттығу жиыны болып жатты. Біз осы елдің ұлттық спортын дәріптеп жүргендіктен, жиын кезінде түрлі қалаларды аралап өнер көрсетеміз, бізді үлкен кісілер тамашалайды. Содан Президент келген күні мен басқа қалада болып, кездесуге сәл кешігіп келдім. Кездесу алдында қобалжу болғаны жасырын емес.
Бірақ Қасым-Жомарт Кемелұлы мен туралы Жапония Императорынан және Премьер-министрінен естіп, арнайы іздеткен екен. Кешігіп келсем де, жылы қабылдап, біраз әңгімелестік. Содан кейін елден келген бір топ депутаттармен, белгілі азаматтармен танысып, суретке түстік. Ол күн мен үшін үлкен той сияқты болды, өйткені шетелде жүріп қазақтарды жиі көре бермейміз ғой. Президенттің қолдауы маған үлкен жігер берді.

Кездесу барысында немесе жапондық достарыңызбен әңгімелескенде еліміз туралы айтып мақтанатын сәттеріңіз бола ма?
Әлбетте! Жапондықтар Қазақстан дегенді естігенде бірден Гуглдан іздеп көреді де: «Мәссаған, жер көлемі бойынша әлемде 9-шы орында екенсіздер ғой!» деп таңғалысып жатады. Сонда мен мақтанышпен: «Сіздерде самурайлар болса, бізде батырлар болған. Осынау ұлан-ғайыр жердің бәрін бабаларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап, бізге мұраға қалдырған» деп айтамын.
Біздің қанымызда қара күш те, қару да, батырлық та бар. Қазір қазақ жігіттері ММА әлемін бағындырып, қарқынды дамып жатыр. Болашақта қазақтың намысты, қарулы, палуан жігіттерін Жапонияға әкеліп, осы сумо спортын меңгертсем, осы жаққа тартсам деген үлкен жоспарым бар.
Жат елде жүрсеңіз де, отбасылық құндылықтар мен қазақы салтқа берік екеніңіз байқалады. Жарыңыз да қазақ қызы екенін айтып қалдыңыз...
Иә, әке-шешем басынан бастап «қазақтың қызын ал» деп айтқан болатын. Өз басым да аралас некені құптамаймын. Біздің ұлт өз қанын, тегін, тазалығын сақтауы керек деген қатаң ұстанымдамын. Жарым - қарапайым қазақтың қызы, ауылдан шыққан. Қазір отбасым осында, менімен бірге тұрады. Қазақстаннан ата-анам да жылына бір рет келіп, демалып кетеді. Бір айта кететін жайт, мен өз отбасымды әлеуметтік желілерге салмаймын, көпшілікке жарияламаймын. Себебі қазақта «тіл-көз бар» дейді ғой, содан сақтану үшін осындай ұстанымдамын. Әрине, қазақ болған соң сағыныш болады, әсіресе қазақтың етін сағынамыз. Еттің орны бөлек қой. Бірақ әзірге елге қайту ойымда жоқ, мұндағы жалақым өте көп болмаса да, қолайлы өмір сүруімізге толық жетеді.
Ерсін, алға қойған ең басты мақсатыңыз бен арманыңыз қандай?
Әрбір спортшының арманы - чемпион болу. Менің де мақсатым - бірінші болу, алтын тұғырдан көріну. Өз саламда ең жоғарғы дәрежеге жетіп, еңбегім мен төккен терімнің жемісін көргім келеді. Осы жолда аянбай еңбек ете беремін.

