Айфон ұрлығы біржола тоқтамақ: Apple-дің жаңа жүйесі іске қосылды

depositphotos.com

Енді көшеде біреудің телефонын тартып алып, оны қайта сатып пайда таппақ болған ұрылардың еңбегі еш кетпек. Лондон полициясы мен Apple корпорациясы бірігіп, қолды болған құрылғыларды қайта іске қосуды мүмкін емес ететін жаңа жүйені енгізді, деп хабарлайды «24KZ» Kazinform агенттігіне сілтеме жасап. Бұл халықаралық қылмыстық желілердің миллиондаған долларлық бизнесіне берілген ауыр соққы болды.

Apple компаниясы өз құрылғыларының қауіпсіздік жүйесіне жаһандық өзгерістер енгізген. Жаңа шаралардың арқасында ұрланған смартфондарды қайта белсендіру  немесе қайта сату барынша қиындады. Мұндай қадамға Apple-ден бөлек, Samsung пен Google компаниялары да көше бастаған.

Лондон полициясының комиссары Марк Роули бұл келісімге келу үшін технологиялық алпауыттарға қатаң талап қойғанын жасырмады:

Мен технологиялық компанияларға ультиматум қойдым: ұрланған телефондарды қайта пайдалануды шектейтін шұғыл шаралар қабылдаңыздар, әйтпесе үкімет арқылы арнайы заң қабылдатуды талап етеміз дедім. Қазір біз тарихта тұңғыш рет қолды болған құрылғылардың идентификаторлары бойынша мәлімет алмасып отырмыз. Бұл серіктестік өз жемісін бере бастады», — деді комиссар.

Алдын ала мәліметтер бойынша, соңғы кездері ұрланған телефондардың басым бөлігі қайта белсендірілмеген. Яғни, олар қылмыскерлер үшін еш құны жоқ «темір үйіндісіне» айналған. Бұл бастаманы Ұлыбритания халқының 83%-ы толық қолдап отыр.

Бұл келісім жай ғана қағаздағы құжат емес, қаладағы ауқымды операциялармен қатар жүруде. Жақында ғана Лондонда 10 күндік рейд аяқталып, ұрылар мен ұрланған заттарды сатып алатын дүкендер жаппай тексерілді. Осыған дейінгі 4 апталық операция кезінде 248 адам ұсталып, иелеріне 770 телефон қайтарылған болатын. Тіпті, қылмыскерлерді құрықтау үшін полиция дрондар мен арнайы электровелосипедтерді қолданған.

Тергеу барысында өте ірі ұйымдасқан қылмыстық топтардың беті ашылды:

 Сәуір айында ұрланған мүлікті қабылдаумен айналысқан үш алыпсатар кінәсін мойындады. Олардың қылмыстық желісі бойынша 2024–2025 жылдары Қытайға 40 мыңға жуық ұрланған смартфон жөнелткені белгілі болды. Бұл – Лондондағы барлық телефон ұрлығының 40%-ы.

Тағы бір топтың 32 мүшесі тұтқындалды. Олар телефондарды тартып алу үшін 14 жастан асқан жасөспірімдерді жалдап, оларға жүздеген фунт төлеп отырған. Тінту кезінде шетелге жіберуге дайындалған 1000-нан астам телефон мен 200 ноутбук табылды.

Қылмыскерлер көбіне жаяу жүргіншілердің қолынан телефонды жұлып әкету үшін жылдам әрі дыбыссыз қозғалатын, заңсыз модификацияланған электровелосипедтер мен электросамокаттарды пайдаланады. Өткен жылдан бері полиция осындай 3,5 мыңнан астам көлікті тәркілеген.

Нәтижесінде, соңғы 12 айда Лондондағы көше ұрлықтары мен тонау оқиғалары 14 мың жағдайға (18%-ға) азайды. Ал ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларындағы көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тағы 20,6%-ға төмендеген. Тәртіп сақшылары мен IT-алпауыттардың одағы көше қылмысын ауыздықтаудың ең тиімді тәсілі екенін дәлелдеп отыр.