Футболдан Әлем чемпионаты басталмай жатып халықаралық даудың ортасында қалды

depositphotos.com

Футболдан 2026 жылғы Әлем чемпионатының ұйымдастырылу барысы айналасында бірнеше ірі саяси және қоғамдық резонанс тудырған оқиғалар орын алуда. Бұл туралы «24KZ» хабарлайды.

Спорт тарихында тұңғыш рет үш мемлекет - АҚШ, Канада және Мексика бірлесіп қабылдайды. Алайда, матчтардың басым бөлігі мен финалдық ойын өтетін америкалық тарапта турнир басталар алдында бірқатар ұйымдастырушылық және халықаралық қиындықтар туындап отыр.

Турнир аясындағы басты талқыланатын тақырыптардың бірі - Иран Ислам Республикасының ұлттық құрамасына қатысты жағдай. Вашингтон мен Тегеран арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың шиеленісуіне байланысты, Иран тарапы өз матчтарын АҚШ аумағынан тыс жерге ауыстыру жөнінде өтініш білдірген. Соған қарамастан, топтық кезеңнің ойындары бекітілген кесте бойынша Америка стадиондарында өтеді. Сонымен қатар, БАҚ беттерінде ирандық жанкүйерлер үшін АҚШ-қа кіру визасын алу процесінің күрделенгені және билет квоталарының қысқартылғаны туралы ақпарат тарады.

 Саяси сипаттағы мәлімдемелер аясында кейбір еуропалық құрамалардың турнирге бойкот жариялау ықтималдығы да талқыланды. Алайда, бүгінгі күнге дейін ешбір елдің ұлттық федерациясы Әлем чемпионатына қатысудан бас тарту туралы ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Мундиальдың басталуына санаулы күндер қалғанда Сомалиден келген ФИФА арбитры Омар Артанға АҚШ-қа кіру визасы берілмеді. Халықаралық футбол федерациясының  араласуы да мемлекеттік органдардың бұл шешіміне ықпал ете алмады, салдарынан төреші турнирде қызмет ету құқығынан айырылды.

Сонымен қатар, АҚШ мемлекеттік шекарасындағы қауіпсіздік шараларының күшейтілуі қоғамда түрлі пікірталастар тудыруда. Әлеуметтік желілерде Өзбекстан және Сенегал ұлттық құрамаларының ойыншыларын шекаралық бақылаудан өткізу кезінде қызметтік иттерді қолдана отырып, қатаң тексеру жүргізілгені туралы бейнежазбалар жарияланды.

Қауіпсіздікке қатысты тағы бір оқиға Англия құрамасының жаттығу базасының маңында тіркелді. Белгісіз тұлғалардың қарудан оқ жаудыруы салдарынан бірнеше азамат жарақат алған. Қазіргі уақытта жергілікті құқық қорғау органдары күдіктілерді анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр.

Чемпионаттың ашылу матчы жоспарланған Мексикада да жағдай күрделі сипат алуда. Мехико қаласындағы «Ацтека» стадионының іргелес аумағында жергілікті тұрғындар ереуіл ұйымдастырып, нысанға кіретін жолдарды бұғаттаған. Бұл жағдай ұйымдастыру комитетінің турнирдің ашылу салтанатына дайындық жұмыстарын жүргізуін қиындатып отыр.

Осылайша, 2026 жылғы Әлем чемпионаты ресми түрде басталғанға дейін бірқатар геосаяси, логистикалық және қауіпсіздікке қатысты мәселелермен бетпе-бет келіп, әлемдік қоғамдастықтың назарын аударып отыр.