Бельгияда алиментті есептеуде «Ренар ережесі» қолданылады
Еуропа елдерінде де ерлі-зайыптылардың бірінің алимент төлеуі заңмен бекітілген, деп хабарлайды 24kz.
Ажырасқаннан кейін балаларды асырау бойынша шығындарды ата-аналардың екеуі де көтереді, бірақ қосымша қаражатты сот кірісі жоғары деп таныған жақ аударады. Бельгияда алимент қалай төленетінін Брюссельдегі тілшіміз Жанат Эрнст бізге қазір тікелей байланыста айтып беруге дайын.
Диктор:
- Жанат, Бельгияда алимент төлеу тәртібі қандай?
Жанат Эрнст, тілші:
- Бельгиядағы Азаматтық кодекс бойынша ата-аналар ажырасқаннан кейін баланы асырап бағуға қажетті қаражатты қос тарап бірлесіп төлейді. Оларды есептеу кезінде балалардың қажеттіліктері, әрбір ата-ананың табысы, ажырасуға дейінгі отбасының өмір сүру деңгейі ескеріледі. Алимент мөлшерін анықтауда «Ролан Ренар ережесі» деп аталатын әдіс қолданылады. Алимент те осы формула бойынша төленеді:
Ата-ана табысының:
12% – 1-5 жастағы балаларға
15% – 6-17 жастағы балаларға
25% – 17-ден асқан балаларға
Азаматтық сот балаларды қамтамасыз етуге қажетті қосымша қаражатты да ескереді. Мысалы, ерекше балаларға арналған шығындар жоғары болады. Алимент баланың тұрғылықты жеріне қарамастан ай сайын төленеді. Тағы бір ерекшелігі, алимент төлейтін ата-ана мемлекетке түсетін салықты 80%-ке дейін төмендетуге құқығы бар. Балаға алимент алатын ата-ана жыл сайынғы салық декларациясында табысын көрсетуге міндетті.
Диктор:
- Жанат, Еуропада ажырасқаннан кейін әке-шешенің біріне алименттік жәрдемақы беріледі деп естідік. Осы жайлы айтып берсеңіз?
Жанат Эрнст, тілші:
- Иә, шынында да мұндай тәжірибе бар. Ерлі-зайыптылардың бірі сот шешімі бойынша осындай жәрдемақы талап етуге құқылы. Мұндай жәрдемақылардың мөлшері мен төлеу мерзімі баланың ата-анасы келісіп шешеді немесе сотпен белгіленеді. Басты принцип – жәрдемақы өтініш берушінің ең төменгі қажеттіліктерін жабуы керек. Сондай-ақ ата-аналардың біреуінің материалдық жағдайы екіншісінен төмен болуы шарт. Алайда егер өтініш беруші өзінің жұбайына қарсы қандай да бір қылмыстық құқықбұзушылық жасады деп танылса, мұндай жеңілдіктерден бас тартылады.