Түркістанда Turkistan Sky auto fest-2024 туризм фестивалі өтті
Әуе шарлары, гасторномиялық шоу, ерекше автокөліктер мен қолөнер бұйымдарының көрмесі. Мұның барлығы «Turkistan Sky auto fest 2024» фестивалі аясында қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылды, деп хабарлайды 24kz.
Бүгін Түркістан кеші ғажайып көрініс, ұмытылмас әсерімен есте қалды. Фестиваль аясында әуе шарларының шоуы, параплан және дельтаплан көмегімен түтіндер шоуы ұйымдастырылды. Жаппай әуе шарларының көкке көтерілуі қонақтарға ерекше сезім сыйлады. Оны тамашалап қана қоймай, ұшу мүмкіндігі де қарастырылды.
Шахноза Рашидова, қала тұрғыны:
- Әсеріміз өте күшті. Қаламызда осындай іс-шаралар болып жатқанына өте қуаныштымын. Өте ұнады бізге, қаламыз осылай дами береді деген үміттеміз.
Фестивальге тек қазақстандық әуе шарлары ғана емес, сонымен қатар Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген әуе шарлары да қатысты.
Бақтияр Жаниманов, әуе шарын ұшырушы:
- Бұндай шаралар біздің Қазақстаның әр жерінде өтіп жүрген болатын. Біз басқа мемлекеттерге де барып қатысып жүрміз. Бүгін біз Түркістан қаласы әкімдігінің және облыстық туризм басқармасының қолдауымен Түркістанда өткізуді ұйымастырып, міне нәтижесін бүгін көріп жатырмыз.
Сонымен қатар керамика, ағаш және былғарыдан жасалған бұйымдар көрмесі де көпшілікті тәнті етті. Тағамдар көрмесінде жергілікті дәмханалар мен мейрамханалар өздерінің тағамдарын ұсынып, аспаздар тамақ пісіруден мастер-класс көрсетті. Ал авто фест – бірегей автокөліктер көрмесіне 200-ге жуық ретро және эксклюзивті автокөліктердің модельдері қойылды.
Нұрдәулет Медеуов, облыстық туризм басқармасының басшысы:
- Бұның барлығы келген демалушылардың ерекше бір әсерін қалдырып отыр. Яғни, Түркістан тек қана рухани қала ғана емес, сонымен қатар шетелден келген туристерімізге өзіміздің туристік әлеуетімізді көрсету.
Бұдан бөлек, аниматорлар, акробаттар мен от шоуы туристік шараны әсерлендіре түсті. Келушілер түрлі ойындарға, викториналарға қатысып, уақытты қызықты өткізді. Іс-шара концерттік бағдарламаға жалғасты. Фестиваль екі күнге жоспарланған.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш