Сау көзді сойған дәрігерлер жазалана ма?

Танымал блогер Айдын Тоқсанбаева кеше дәрігерлердің тағы бір былығын ашып берді. Науқас баланың оң көзіне операция жасау керек болған дәрігерлер – шатасып кетіп, сол көзін тіліп тастаса керек. Ашуға булыққан ана – ағыл-тегіл жылап, кеше видео түсірген еді. 

ЦИТАТА

Алматыдағы «Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы» біздің әріптестерге сұхбат беруден үзілді-кесілді бас тартты. Содан денсаулық сақтау министрлігіне хабарластық. Олардың біздің ватсапқа жіберген хаты мынадай: 

«Алтыншы сәуірде халязионды алып тастау операциясы жоспарланған.  Операция бөлмесінде наркоз салынып, халязионның орыны болған, жоғарғы қабаққа тексеріс жүргізіліп, бірақ ол өздігінен алынып тасталған соң хирургиялық көмек қажет болмады. Хаттамаға сәйкес, сол жақ қабағын тексеріп, онда кіші көлемдегі халязион анықталды. Жасалған анестезиологиялық нұсқаулықты ескере отырып, халязионды алып тастау туралы шешім қабылданды. Солай жасалды. Операциядан кейін баланың жағдайы тұрақты. Негізгі ауру бойынша офтальмология бөлімшесінде ем қабылдау жалғастырылуда». 

Бұдан нені ұқтық? Оң жақ көзінде бар киста тура операция жасалатын кезде ғайыптан жоқ болып кетеді. Содан дәрігерлер баланың сол жақ көзін де тексере салайық деп, шағын ғана артық еттің өскенін байқап, соны алып тастайды. Жалпы бұл мүмкін бе? Осыны білу үшін біраз дәрігерге хабарластық. Бірақ олар да ауыздарына құм толтырып алғандай. Министрліктің қаһарынан қорықты ма, түрлі сылтау айтып, бізге жауап бергілері келмеді. 

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ханым бізді көріп отырған болса немесе сол кісінің жанында жүрген нөкерлері болса жеткізіп барарсыздар. Бұл мәселеге бей-жай қарамаңыздар. Министрлік аз уақытта айыптыларды анықтап, тиісті жазасын береді деп сенеміз. Баланың тағдыры ойыншық емес. Бұл мәселе біздің редакция назарында болатынын ескертеміз.