Британиядағы буллингпен күрес. LIVE

Буллингпен күресті Ұлыбритания мақсатты түрде өткен ғасырдың сексенінші жылдары бастаған.

Мектептер заң бойынша оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қорқытып, қорлаудың барлық түрінің алдын алуға міндетті. Күшпен немесе сөзбен кемсітетіндермен психологтар жұмыс істейді. Ата-ана мектепішілік тәртіпке сәйкес арыз-шағым түсіре алады. Егер мектеп шара қолданбаса, жергілікті билік органына, білім жөніндегі мемлекеттік хатшыға, тіпті тұрғылықты жерден сайланған парламент мүшесіне де хат жазуға болады.

Ал кибербуллингпен күрес қалай жүргізіледі? 

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Ғаламторда қоқан-лоқы көрсетілген жағдайда не істеу керектігі туралы мектепте арнайы сабақтар өткізіледі. Оған оқушылар ғана емес ата-аналар да шақырылады. Негізі 13 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерге кіруге рұқсат етілмейді. Мысалы, ТикТок желісі ондай аккаунтарды бірден бұғаттайды. Мен өнерге талаптанып жүрген қызымның бейнелерін өз парақшама салған кезде байқағаным Қазақстанда ТикТокта кішкентай балалар көп отырады және ойына келгенін жазады екен. Жаға ұстатарлық бейәдеп сөздер жазғанын оқып, өскелең ұрпақ үшін алаңдағаным бар. Ұлыбританияда да бұл тұрғыда жағдай мәз емес. Кибербуллингтің құрбаны болып, өз-өзіне қол салған жағдайлар тіркелді. Сондықтан Ұлыбритания үкіметі 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерде отыруға тыйым салу мәселесін қарастырып жатыр. Биліктегілер осылайша жас жеткіншектерді ғаламтордағы зиянды контенттен қорғағысы келеді.