Сарапшы: Қазақстан ШЫҰ-да жетекші елге айналды
«Қазақстан – Шанхай ынтымақтастығы ұйымында жетекші ойыншыға айналды».
Бұл туралы Астана саммиті жөнінде халықаралық деңгейде хабар таратуға келген "Қытай ғаламдық телевизия желісі" ақпарат агенттігінің жетекші мамандары айтты.
Аймақтық бірлестікке төрағалығы кезінде қазақ елі өңірдегі қауіпсіздік, экономикалық әріптестік, энергетика ықпалдастығы, білім беру және мәдени алмасу мәселелерінде тың бастамалар көтеріп, көптеген іске мұрындық бола білген, – дейді олар.
Жаң Хи, CGTN атқарушы продюсері:
- Қазақстанға алғаш рет келуім. Өте тамаша, әдемі әрі қарқынды дамып келе жатқан ел. Астана – жаңа стильде салынып жатқан заманауи шаһар екен. Осы сапарымда қала сыртына шығып, атқа да мініп үлгердім. Жалпы Қазақстан Шанхай ынтымақтастығы ұйымында жетекші ойыншыға айналды. 2 күндік Астана саммиті аймақ елдері үшін көптеген маңызды салаларды қамтып отыр. Әсіресе қауіпсіздік және экономика мәселелері кеңінен талқыланбақ.
Ли Жиамиң, CGTN диджитал-редакторы:
- Мен де Қазақстанға алғаш рет аяқ бастым. Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне дайындық өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Қауіпсіздікке барынша мән берілген. Журналист ретіндегі кәсіби міндетімізді атқаруға барлық жағдай жасалған.