Си Цзиньпин сапары: Қытайлық сарапшылардың пікірі
Қазір әлем назары Астанада. Әсіресе Қытай көшбасшысының Қазақстанға сапары қызу талқыланып жатыр.
Жыл сайын жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқан екі ел қарым-қатынасы одан әрі тереңдей түспек. Бір-біріне басты сауда-экономикалық серіктеске айналған қос мемлекеттің қадамын қытайлық сарапшылар қалай бағамдап отыр?
ШЫҰ-ның Астана саммиті Қытайда қызу талқыланып жатыр. Халықаралық іс-шара туралы Қытайдың бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануда. Мәселен, Қытайдың Халық газетінің бірінші бетінде «Шанхай саммиті ынтымақтастықтың жаңа белесі» деген ауқымды мақала жарық көрген. Басылым Бейжіңнің барлық сауда дүңгіршіктерінде жаппай сатылып жатыр. Мұнда Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары, оның мән-мағынасы қазақ-қытай ынтымақтастығы мен қарым-қатынасының келешегіне қатысты ауқымды мақала жазылған.
Айта кету керек, қазақ-қытай арасында дипломатиялық байланыс орнағалы 30 жылдан асты. Осы уақыт ішінде екі ел арасындағы байланысты нығайту мақсатында талай құжатқа қол қойылды. Жыл сайын бұл ынтымақтастық тереңдеп, қазір екі ел экономикалық тұрғыда бір-бірінің басты серіктесіне айналды. Сауда айналымы бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетті.
Еліміздің алдында осы тауар айналымын 2030 жылға қарай 100 миллиард долларға жеткізу межесі тұр. Қытайлықтар Қазақстан мен Қытай бұл мақсатқа оңай жететініне сенімді. Бұған қатысты Қытай мәдениет алмасу орталығының ғылыми қызметкері Ван Пэн екіжақты тығыз қарым-қатынасты қалыптастыруда нық сүйене алатын әрі сенімге негізделген қазақ-қытай арасында өзара дәстүрі бар деп мәлімдеді.
Оның пікірінше, Қазақстан мен Қытай экономикалық байланысының артықшылығы бірін-бірі толықтыруында. Мәселен, Қазақстан табиғи ресурстар мен ауылшрауашылығы өнімдеріне бай. Қазақ елі шикізатқа жатпайтын 135 түрлі тауарды Қытайға экспорттай алады. Ал Қытайда оны терең өңдеп, өндіруге қажетті заманауи технология бар.
Ван Пэн, Қытай мәдени алмасу орталығының ғылыми қызметкері:
- Қазақстан мен Қытай бұл бағытта өздерінің экономикалық артықшылықтары мен ресурстары арқылы өзара толықтырушы сауда құрылымын пайдаланады. Мысалы, Қазақстан табиғи ресурстарға бай. Соның ішінде Қытайда үлкен сұранысқа ие мұнай, газ, минералдар мен ауылшаруашылығы өнімдері жеткілікті. Ал оның орнына Қытай Қазақстанның дамуына қажетті өнеркәсіптік тауарларды, машиналар мен тұтыну тауарларын жеткізеді. Осылайша, бұл қосымша қатынастар бірлескен кәсіпорындар, технологиялар трансферті және инфрақұрылымдық жобалар сияқты терең экономикалық ынтымақтастыққа мүмкіндік береді.
Жалпы Аспан асты елінің сарапшылары Қытай төрағасының мемлекеттік сапары мен саммиттің қатар келуін ерекше бағалап, үлкен мән беріп отыр. Екі ел басшысының жиі кездесуі – Астана мен Бейжің қарым-қатынасының маңыздылығын көрсетеді.
Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» бастамасының белсенді қатысушысы. Бұл жоба елеулі жетістіктерге жеткізгенін уақыт көрсетті. Оған Қазақстан және Еуропа арасындағы байланысты жақсартатын Транскаспий халықаралық көлік бағытын салу, инфрақұрылымды дамыту мега жобалары жатады.
Энергетика, көлік және логистика салаларына инвестициялар аймақтық байланысты жақсартып, сауда мен басқа да салаларға ықпал етті. Сарапшылар мұны да негізгі назарға алып отыр.
Руслан Бақытбекұлы, 24.KZ, Бейжің