Сенімді сатқандар: МӘМС-тен қажылыққа дейін
Миллиондаған теңгені медициналық жүйе арқылы заңсыз иемдену, әлеуметтік желіде жалған виза ұсыну, интернет-алаяқтарға көмектескен дропперлерді тарту және қасиетті қажылық сапарын сылтау етіп, ондаған адамды алдау. Бір қарағанда әртүрлі көрінгенімен, бұл істердің барлығын біріктіретін бір нәрсе бар – өзгенің сенімін пайдаланып, пайда табу. Алматы облысында стоматологиялық клиника басшысы МӘМС қорынан 65,9 миллион теңге жымқырғаны үшін сотталса, Астанада жалған виза уәдесімен азаматтан 600 мың теңге алған күдікті анықталды. Ал Батыс Қазақстан облысында алаяқтарға көмектескен 40-қа жуық дропперді тартқан азамат ұсталды. Елордада болса, жалған қажылық сапарын ұйымдастырамыз деп 37 адамнан 60 миллион теңгеге жуық ақша алған екі тұрғын төрт жылға бас бостандығынан айырылды.