Куәлік алып бермек болған алаяқ сотталды
Астанада азаматтарға жүргізуші куәлігін таныстары арқылы алып беруге уәде еткен алаяқ сотталды. Бұл туралы елорда прокуратурасы мәлімдеді. Тергеу мәліметінше, сотталған азаматқа 6 адам жүргізуші куәлігін рәсімдету үшін жалпы 2,3 млн теңге берген. Алайда ол уәдесін орындамай, алған ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Сот отырысында прокурор сотталушының кінәсін толық дәлелдеді. Ол өз кінәсін мойындап, келтірілген шығынның бір бөлігін өтеген. Сот үкімімен ер адамға 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді. Сонымен қатар жазасын өтеу кезеңінде жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тарту туралы шешім қабылданды.