Ерекше қажеттілігі бар бала мектепке дейін кешенді тексеруден өтеді
Инклюзивті білім беру мен психологиялық-медициналық, педагогикалық консультацияның өзара байланысы – әр баланың сапалы білім алуын қамтамасыз етудің маңызды шарты. Ерекше білім беру қажеттілігі бар бала мектепке дейін осы консультациядан өтіп, мамандардың кешенді тексеруінен өтеді. Нәтижесінде баланың даму ерекшеліктері анықталып, тиісті қорытынды мен ұсыным беріледі. Сол негізде мектепте оған қажетті арнайы жағдайлар ұйымдастырылып, оқу процесіне бейімделуіне мүмкіндік жасалады. Консультация құрамындағы психиатр баланың психикалық және эмоционалдық жағдайын кәсіби бағалап, білім беру бағытын нақтылауға үлес қосады. Осындай жүйелі сабақтастық әр баланың әлеуетін ашуға және тең білім алу қағидатын жүзеге асыруға негіз болады.