Әр балаға жағдай жасау – күнделікті тәжірибенің ажырамас бөлігі
Алматыдағы №32 жалпы білім беретін мектеп - инклюзивті білім берудің шын мәнінде жұмыс істеп тұрған кеңістіктерінің бірі. Мұнда әр балаға жағдай жасау – формалды талап емес, күнделікті тәжірибенің ажырамас бөлігі. Елімізде инклюзивті білім беру заңнамалық деңгейде нақты мүмкіндік ретінде қалыптасып келеді, ал соңғы жылдары енгізілген өзгерістер ерекше білімді қажет ететін балаларға тек оқу мүмкіндігін ғана емес, олардың ойлауын дамытуға, әлемді қабылдауын кеңейтуге және өзіне деген сенімін нығайтуға бағытталған. Осындай ортада бала жай ғана оқушы рөлінде қалып қоймайды, ол өзін қоғамның тең мүшесі ретінде сезінеді. Көп жағдайда дәл осы сезім кез келген баға мен оқу бағдарламасынан да маңыздырақ.