Авиация қауіпсіздігі: Ұшақ бортында қандай сөздерді айтуға қатаң тыйым салынады
Ұшақтағы абайсыз айтылған сөз рейстің кешігуіне және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін. Авиация саласында қауіпсіздік ережелерін бұзушылар мен әзілді орынсыз орынға қолданатындарға қатысты талаптар күшейді. Тұрмыста жай ғана айтылатын сөздер ұшақ бортында төтенше жағдай ретінде қабылданып, қатаң шаралардың қолданылуына себеп болады, деп хабарлайды «24KZ».
Авиацияда «бомба», «жарылыс», «террорист», «қару», «басып алу» сияқты сөздер және басқа да осыған ұқсас мәлімдемелер қауіпсіздікке төнген қатерді білдіруі мүмкін. Ықтимал қауіп туралы кез келген ақпаратқа барынша байыппен қаралады, ал экипаж бен авиациялық қауіпсіздік қызметтері белгіленген рәсімдерге сәйкес әрекет етуге міндетті.
Мұның айқын мысалы ретінде, жуырда Алматы – Ақтау бағытындағы рейсте жолаушылардың бірі «бомба» деген сөзді айтқан. Оқиға орнына дереу авиациялық қауіпсіздік пен көліктік полиция қызметкерлері тартылып, әлгі ер адам рейстен түсірілді. Салдарынан ұшақтың ұшуы екі сағатқа жуық уақытқа кешікті.
Экипаж мұндай сөздің әзіл немесе шынайы қауіп екенін бірден ажырата алмайтындықтан, әуе кемесі мен багаж толық тексеріліп, арнайы қызметтер жұмылдырылады. Бұл әуе компаниясы мен әуежайға қосымша шығын әкеліп, жүздеген жолаушы мен экипажға қолайсыздық туғызады.
Қазақстанда ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес терроризм актісі туралы жалған хабарлама жасағаны үшін айыппұл салып, түзеу жұмыстарына тартылу немесе бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылған. Сондықтан әуежай мен ұшақ бортында қауіпті заттар туралы осындай тақырыпта әзілдеуге үзілді-келді тыйым салынады.
Сөздің қандай ниетпен айтылғаны маңызды емес, кез келген осындай мәлімдемеге қауіпсіздік қызметі тиісті деңгейде ден қоюға міндетті.