Азаматтық авиацияда киберқауіпсіздік талаптары күшейтілді
Қазақстанның әуе кеңістігі мен әуежайлары кибершабуылдардан, дрондардан және геосаяси қақтығыс аймақтарынан қорғаудың халықаралық стандарттарына көшті, деп хабарлайды «24KZ».
«Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ Авиациялық қауіпсіздік департаменті директорының орынбасары Дәулетбек Әділбекұлының айтуынша, еліміздің азаматтық авиация жүйесі Халықаралық азаматтық авиация ұйымының стандарттары мен Үкімет бекіткен авиациялық қауіпсіздік бағдарламасына сай жұмыс істейді. Әрбір әуежай мен авиакомпанияда киберқауіпсіздікті қамтамасыз ететін арнайы мамандар жұмыс істеп, олардың кәсіби даярлығы қадағалануда.
Сонымен қатар, дрондарды реттеу мәселесі де бақылауда. Кәсіби дрондар міндетті түрде тіркеліп, оларға арнайы нөмір беріледі. Тыйым салынған аумақтар мен әуежай маңында ұшуға қатаң шектеу қойылған. Ал геосаяси қақтығыс аймақтары бойынша арнайы тәуекелдерді бағалау жүйесі жұмыс істейді - қауіп анықталған жағдайда қазақстандық әуе компанияларына маршруттарды өзгерту немесе рейстерді уақытша тоқтату бойынша нұсқаулықтар беріледі.
Дәулетбек Әділбекұлы, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ департамент директорының орынбасары, бас авиациялық инспектор:
Қақтығыста қандай қарулар қолданылады, қандай биіктікте қолданылады, саяси жағдайы қандай — соның бәрін бағалай отырып, біз Қазақстан Республикасының әуе компанияларына өз тарапымыздан нұсқама береміз. Әр авиакомпания өзінің ішкі бағалауын жасап, әуе кемесінің маршрутын осы қақтығыс аймақтарынан айналдырып, басқа бағыттарды құрады немесе сол бағыттағы әуе қатынасын толықтай тоқтатады.