ОПЕК+ мұнай өндіру көлемін өзгертпеуге келісті
Иә, мұнай нарығындағы ахуал құбылмалы. Әлемдегі геосаяси шиеленіс пен шикізат жеткізіліміне төнген қауіптер өндіруші елдердің шешіміне әсер етіп отыр. Осыған байланысты ОПЕК+ мүшелері желтоқсанда мұнай өндіру көлемін ұлғайтпайтын болды, деп хабарлайды 24KZ.
ОПЕК+ке кіретін жеті мемлекет желтоқсан айында мұнай өндіру көлеміне қатысты белгіленген шектеулерді өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы мұнай экспорттаушы елдер ұйымының ресми хабарламасында айтылды. Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Кувейт, Қазақстан, Алжир және Оман өкілдері онлайн форматта бас қосып тиісті келісімге қол қойды. Осылайша желтоқсан айындағы міндетті өндіру көлемін қыркүйектегі көрсеткішпен бірдей қалдыруға келісті.

Жеті елдің ішінде Сауд Арабиясы – мұнайды ең көп өндіретін ел. Оның тәуліктік көрсеткіші – 10 млн 478 мың баррель. Ресейге 9 млн 949 мың, Иракқа 4 млн 431 мың баррель, Кувейтке 2 млн 676 мың баррель көлемінде белгіленген. Ал Қазақстанның желтоқсан айындағы өндіріс деңгейі тәулігіне 1 млн 628 мың баррель болып қалды. Алжир болса 1 млн 7 мың, ал Оман 841 мың баррель қара алтын өндіруі тиіс. Бұл – ОПЕК-тің өндіріс жөніндегі есебі бойынша ұйым бекіткен келісім. Бұл көрсеткіштер елдердің нақты өндірген мұнай көлемін емес, уағдаластық аясында өндіруге тиіс тәуліктік межені білдіреді.
Десе де мұнай бағасының құбылуын тек ОПЕК+ шешімімен байланыстыруға келмейді. «Керісінше, ол әлемдік мұнай нарығындағы ахуалға тәуелді», – дейді сарапшылар. Оған бірнеше фактор қатар әсер етеді. Мәселен, мұнайға деген сұраныс пен жеткізілім көлемі, Таяу Шығыстағы әскери-саяси жағдай, Ормуз бұғазындағы тасымал және әлемдік мұнай қорларының жағдайына тікелей байланысты. Ал Халықаралық энергетикалық агенттіктің қазан айындағы болжамы бойынша 2026 жылдың төртінші тоқсанында әлемдік мұнай сұранысы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тәулігіне 2,5 млн баррельге төмендеуі мүмкін.
Хайтам Әл-Ғайс, ОПЕК ұйымының бас хатшысы:
– Әлем мұнай саласына, соның ішінде мұнай өндіру, өңдеу және тасымалдау бағыттарына жеткілікті инвестиция құймаған деп ойлаймын. Бұл дизель отыны, авиациялық жанармай және басқа да мұнай өнімдерінің бағасынан байқалып тұр. Бүгінде мемлекеттер ОПЕК ұйымы бұрыннан бері ескертіп келген мәселелердің салдарын сезініп отыр. Біздің мұнай-газ өнеркәсібіне үздіксіз инвестиция салу қажеттігін үнемі айтып келе жатқанымыз да осыдан.
Ұйымның келесі кездесуі 29-ші қарашаға жоспарланып отыр. Онда ОПЕК+ альянсына кіретін мемлекеттер 2027 жылға арналған мұнай өндіру саясатын талқылайды. Reuters агенттігінің мәліметінше, оған дейін мүше мемлекеттердің өндірістік әлеуетін бағалау жұмысы аяқталуы тиіс. Бұл көрсеткіштер алдағы жылдың квоталарын белгілеуге негіз болады.
«Бүгінгі шешімді қабылдау оңай болды. Ал 29-ші қарашада өтетін ОПЕК+ министрлерінің кездесуінде маңызды мәселе қарастырылады. Онда 2027 жылға арналған мұнай өндіру саясатының бағыты айқындалады. ОПЕК+ ұйымының алдында 2027 жылға қатысты өте күрделі міндет тұр. Альянс АҚШ пен Иран арасындағы соғыс, Ормуз бұғазы арқылы мұнай жеткізілімінің қалпына келу қарқыны және мұнай жеткізілімі қайта жанданғаннан кейін туындауы мүмкін түрлі жағдайға қатысты тиісті әрекет жоспарын әзірлеуі қажет», – Хорхе Леон, RYSTAD компаниясының сарапшысы.
Халықаралық энергетикалық агенттік 2027 жылы әлемдік мұнай ұсынысы қайта өседі деп болжап отыр. «Алайда бұл Таяу Шығыстағы қақтығыстардың қалай өрбитініне және экспорттық инфрақұрылымның қалпына келуіне тәуелді болады», – дейді сарапшылар.